Диқандар астықты өзіндік құнынан арзан бағаға сатуға мәжбүр

619

Бір тонна бидайды өсіру шығыны - 80 мың теңге шамасында.

Диқандар астықты өзіндік құнынан арзан бағаға сатуға мәжбүр

Ал нарықтағы құны 70-75 мың теңгеге түсіп кетті. Әрине, бағаға ресейлік импорт ықпал етіп отыр. Отандық өнім өндірушілер мұның арты банкортқа соқтырып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына тежеу болады деп алаңдаулы. Сансыз санкциялар салынған елдің астығы неге Қазақстаннан арзан? Баға саясатына қандай факторлар әсер етуде?

Тобыл өңірінің тәжірбиелі шаруалары биыл ала жазғы маңдай тер ақталмай ма деп алаңдаулы. Біріншіден егін піскен шақта жауған нөсер жаңбыр бидайдың сапасын түсіріп жіберді, екіншіден нарықтағы бағасы құнсызданып кетті.

Жаңа жылға дейін бір тонна бидай 100-110 мың теңгеден саудаланса, бүгінде 75-80 мың теңгеге арзандаған. Ал, бір тонна бидай өсіру үшін шаруалар 80-100 мың теңге шығындайды. Егін орағына кіріскен диқандарға қаржы аса қажет, сондықтан олар астығын сұраған бағасына беріп жатыр.

Қолдау көрсететін үкімет үнемі қолын мерзімінен кеш сермейді дейді олар. Бүгінде ішкі нарықтағы бағаны ресейлік импорт билеп отыр. Ал, елімізде астық құнын бас реттеуші - азық-түлік копорациясы әлі сырттай бақылап, үнсіз қалған.

"Корпорация әлі күнге дейін айтпай отыр бағаны, қыркүйектің 15-не қарай айтамыз дейді. Оған дейін 15-20 пайыз жинаған астықтарын арзан бағамен кетеді. Арзан бағамен кеткенмен дүкендегі нан арзандап жатқан жоқ. Ең болмағанда 100 мың теңгеден қойса, бір тоннасын сонда қалған мына трейдерлер, диірмендер сол бағаға қарап кішкене баға көтірілер еді", - деді Ауыл шаруашылығы кәсіпорынының басшысы Марат Ахметов.  

Мемлекет көрші елден бидайды автокөлікпен тасымалдауға 2024 жылдың 10 сәуіріне дейін шектеу қойды. Темір жол тасымалына да шектеу салмақшы. Алайда, мұндай шаралар мәселені шешпейді дейді шаруалар.

"Қыркүйек айында ресей арзан бидайын бізге үйіп тастайды. Үкімет шаруалар мен астық нарығын қорғау шараларын шұғыл қолға алуы тиіс. Әйтпесе, банкротқа ұшырап, тоз-тозымыз шығады. Қытай мен Үндістан секілді импортқа баж салығын көбейтсе екен. Әйтпесе баға жағынан бәсекеге түсе алмаймыз", - деді Ауыл шаруашылығы кәсіпорынының басшысы Александр Бородин.

Сарапшылардың ойынша, диқандардың мұндай мүшкіл халге түсуіне ауыл шаруашылығын қолдаудың мемлекеттік жүйелі жоспарының болмауы себеп. Мысалы, дизель отынының бағасын үкімет шілде айында 283 теңгеден бекітіп, тамызда 250-ге арзандатты. Ресейлік шаруалар ауыл шаруашылығы үшін кредитті 4-6 пайыздан алса, біздің диқандар 20-22 пайызбен рәсімдейді. Соның проценттік үсметақысын субсидиялау үшін қаншама бюрократиялық кедергіден өтулері тиіс. Мұның сыртында қымбатшылық отандық астықтың өзіндік құнын қатты өсіріп жіберген.

"Соңғы 3 жылда егін шаруашылғына қажет ресурстар 10 пайыздан бірнеше есеге қымбаттады. Дизель отыны соңғы 2 жылда 58 пайызға, тыңайтқыштар екі есеге, қосалқы бөлшектер 2,5-4 есеге өсті. Шаруалар азық-түлік корпорациясынан бидайдың бағасын тоннасына 100 мың теңге бекітуді сұрағанмен, өтініштері орындалмайды деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан шаруаларды қолдауға арналған жүйелі шаралар қолданылуы тиіс", - деді Қазақстан астық одағының сарапшысы Евгений Карабанов.

Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында агроөнеркәсіп саласында нақты серпіліс қажеттігін атап өтті. Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы  агроөнеркәсіп кешенінің өркендетуіне айтарлықтай кедергі келтірген дейді. Енді бұл мәселе - Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының құзырына берілді.

"Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс", - дейді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Диқандардың да күткені осы. Азық-түлік корпорациясы баға мәселесін өз құзырына алып, шапшандық танытса дейді. Алайда, бидайдың құнын өсірсе ұнның бағасы қымбаттайды. Сондықтан тиімді шешім табу қиынға түскелі тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу