Димаш Құдайбергеновтің құрметіне арналған бидай түрінің ерекшелігі неде?

Алматы облысында көршілес 4 өңір өкілдері мен тиісті министрлік мамандарына арналған кеңес өтті. 

Димаш Құдайбергеновтің құрметіне арналған бидай түрінің ерекшелігі неде? Фото: Salve Music

Жиын Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының егістік алқабын аралаудан басталды. Мұнда будандастыру арқылы алынған бидайдың, жүгерінің, жоңышқаның, сояның бірнеше түрлері егілген. Арасында атақты әнші Димаш Құдайбергеновтің құрметіне арналған бидай түрі де бар. Бұл сұрыптардың ерекшелігі – Қазақстанның табиғатына бейімделген. Яғни, құрғақшылыққа төзімді, өнімді де көп береді. Жалпы институт тарихында жаңа 650 сұрып шығарылған.

Енді білім ошағының Алматы облысына ықпалына келсек:

  •  өңірде күздік бидай сорттарының өзі 102,5 мың га-ға,
  •  жаздық бидай – 32,5 мың га,
  •  арпа – 72,2 мың га,
  •  жүгері – 35,9 мың га,
  •  сұлы – 1,9 мың га,
  •  соя – 28,9 мың га,
  •  күріш – 7 мың га,
  •  қант қызылшасының будандары 0,6 мың гектарға егіледі. Мұның барлығы институт шығарған жаңа сұрыптар.

 Десе де, мамандар бұл көрсеткіш жеткіліксіз екенін айтады. Сол үшін осы семинардан кейін облыс басшылығы институтпен ынтымақтастықты одан ары күшейтіп, ауыл шаруашылығын дамытпақ ниетте.

Сондай-ақ алқаптың бір бөлігіне тыңайтқыш себетін дрондар, тракторлар, ауыл шаруашылығында қолданылатын ауыр техника, өсімдіктерді зерттейтін арнайы көлік, тыңайтқыштар көрмесі қойылған.

Ал кеңесте бірінші сөзді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев алып, саладағы түйіткілді мәселелерге тоқталып өтті.

Айтуынша, шаруаларды жоғары сапалы тұқымдармен қамтамасыз ету қажет. Себебі, облыста барлық себілген тұқымның ішінде 25%-ы ғана жоғары сапалы. Сәйкесінше, өткен жылы гектарынан тек 25-35 центнер ғана өнім алынған.

"Дәнді дақылдардың жоғары сапалы тұқымын себу өнімділікті 1,5-2 есе арттырады және астық өнімділігін гектарына 70-100 центнерге дейін жеткізеді. Шаруалардың кірісі артпай отыр. Сондықтан жоғары сапалы тұқымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Осы орайда, тұқымдарды субсидиялау түрінде қосымша тетіктерді бірлесіп әзірлеуді ұсынамыз", – деді Марат Сұлтанғазиев.

Өнім көлемін арттырудағы келесі маңызды фактор – суару. Өңір басшысының сөзінше, облыста су жеткілікті. Алайда, оны үнемдеп пайдаланатын технология дамымай тұр. Былтыр 20,2 мың гектарға ғана су үнемдеу технологиясы қолданылды.

"Мұндай технологияларды қолдану басқа суару әдістерімен салыстырғанда су шығынын 20-дан 80%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Технологияны салыстыру үшін біз қытайлық инвесторлармен үлкен тәжірибе жасамақпыз. Бір жерді екіге бөліп, екі түрлі технологияны қолданамыз. Тәжірибе соңында қай елдің технологиясы ұтымды екені анықталмақ. Сондықтан біздің Егіншілік және өсімдік шаруашылығы институтын осы бастаманы ғылыми сүйемелдеуге шақырамыз", – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар ол 57,9 млрд теңгеге 6 суару жобасы іске асырылып жатқанын айтты. Бұл облыста 40 мың гектарға жуық жерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу