ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер тұтынушыға сапалы өнім таңдау мүмкіндігін ұсынады

647

Сенатта "ЕАЭО-ның техникалық регламенттерінде талап белгіленбеген өнімнің ЕАЭО шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы" заң қабылданды.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер тұтынушыға сапалы өнім таңдау мүмкіндігін ұсынады Фото: inbusiness.kz

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережесі бойынша, жоғарыдағы құжат ЕАЭО аумағы айналысындағы барлық өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.

"Қазір айналысқа шығарылатын өнімнің 85%-ы Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай техникалық регламентімен реттеледі. Бұл тамақ өнімдерінен бастап, балалар индустриясының тауарлары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және басқа да өнімдер түрлерінің кең тауар номенклатурасына арналған техникалық регламенттер. Ұсынылып отырған заң жобасында өнімнің қалған түрлерін реттеу қарастырылған. Бұл ЕАЭО-ның бірыңғай техникалық регламенті қабылданбаған немесе күшіне енбеген сондай-ақ ЕАЭО деңгейінде өнімге қатысты міндетті талап белгіленетін өнімнің бірыңғай тізбесінде жоқ өнімдер", – деді сауда және интеграция министрі Бақыт Cұлтанов. 

Министрдің мәлімдеуінше, өнімнің бірыңғай тізбесі тұтыну және пайдалану кезінде қауіптілігі жоғары тәуекелмен сипатталатын өнімдерге қатысты болады.

"Біз осы келісімнің реттеу объектісіне жататын тауарлар номенклатурасына талдау жасадық. Негізінен бұл қауіп төндірмейтін өнімдер. Бүгінгі таңда оған қойылатын талап жоқ. Тізім үлкен емес, шамамен 15 позициядан тұрады. Мысалға айта кетсек, сағаттар, тұрмыстық щеткалар, жасанды әшекейлер және басқалары кіреді. Өнім туралы мәлімет ақпараттық базада жинақталады. Ол тұтынушылар үшін қолжетімді болады", – деді Бақыт Сұлтанов.

Белгілі болғандай, ақпараттық ресурс нарықтағы жағдайға мониторинг жүргізеді және жаңа өнім түрлерінің пайда болуын бақылап отырады. Ал келісіммен шығарылатын өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бизнеске қолайлы жағдай жасалады. 

Министрдің айтуынша, келісімді іске асыру мақсатында тәртіпті реттейтін өнім айналысы қағидасының жобасы әзірленді. Осы  құжат қабылданатын өнім тізімін бекітуді қарастырады.Бұл қағиданы бизнес-қауымдастық пен  "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы талқылап жатыр.

"Бүгінгі таңда ЕАЭО-ға мүше 3 мемлекет келісімді ратификациялау бойынша мемлекетішілік рәсімдерді аяқтады. Келісімді ратификациялау мемлекет үшін - барлық өнімнің қауіпсіз айналысын қамтамасыз етудің құқықтық шарттарына қол жеткізеді, бизнес үшін - адал кәсіпкерліктің кепілі болады, тұтынушы үшін – сапалы өнім таңдауға мүмкіндік береді", – деді министр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу