ЭЦҚ-ны заңсыз бергендер жауапқа тартылады – ЦДИАӨМ

1541

2021 жылы ЭЦҚ-ны заңсыз беру бойынша 6 іс қозғалған. 

ЭЦҚ-ны заңсыз бергендер жауапқа тартылады – ЦДИАӨМ

Электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ немесе ЭЦП) ешкімге бермеңіздер. Оны заңсыз бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол электронды цифрлы қолтаңбаның заңды күші барын атап өтті.

"Бізге жеке және тұлғалардың өздеріне тиесілі электронды цифрлы қолтаңбаны үшінші адамдарға беруге қатысты көптеген шағым түсіп жатыр. Мысалы, ұйымның басшысы (оның ішінде мемлекеттік органның басшысы да бар) электронды цифрлы қолтаңбасын қараусыз қалдырады. Олар жұмыстан шығып кеткен қызметкерлердің ЭЦҚ-сы туралы дерек бермейді, әрі өздерінің электронды цифрлы қолтаңбасын басқа қызметкерлерге береді. Осылайша, ЭЦҚ заңсыз пайдаланылады",  деді төраға орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, заңсыз берілген электронды цифрлы қолтаңбамен сенімхат, қаржылық құжаттар рәсімделген.

"ЭЦҚ-ны заңсыз беру бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 640-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалатынын ескерткім келеді. Сондай-ақ адамнан 15-50 АЕК (43 755 – 145 850 теңге, 2021 жылы 1 АЕК – 2917 теңге) өндіріліп алынады", - деді Руслан Әбдіқалықов.

Сонымен қатар ол ЭЦҚ-ны заңсыз беру дерегіне тоқталды.

"2020 жылы электронды цифрлы қолтаңбаны заңсыз беру бойынша 30 дерек тіркелді. 2021 жылдың басынан бері бұл факт бойынша 6 іс қаралды. Өндірісте 3 іс жатыр. Осы орайда қазақстандықтарды ЭЦК-ны басқа адамдарға бермеуге шақырамыз. Сізге "электронды цифрлы қолтаңбаны бер" деп ешкім талап қоя алмайды", деп түйіндеді сөзін комитет төрағасы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу