Егін егуге қаржы тапшы

566

Биыл облыстағы ауылшаруашылық кәсіпорындарының инвестициялық шығынын субсидиялауға 13 млрд 400 млн теңге қаралған.

Егін егуге қаржы тапшы Фото: egemen.kz

Биыл Қостанай облысының диқандарына егін егуге қаржы тапшы. Бидай бағасы өзіндік құнынан түсіп кетті. Ал, екінші деңгейлі банктер көктемгі дала жұмыстарына қажет кредитті дер кезінде бермеген. Мемлекеттік көмекті алмақ түгілі, өтінім бере алмай қиналуда. Субсидияға өтінім қабылдайтын платформа ауысты. Жаңадан іске қосылған "Gosagro.kz" платформасында шикілік көп. 

Аграрлық компанияның бас есепшісі Раушан Тайкенова "Gosagro.kz" платформасы мемлекеттік субсидияларға өтінімдер беруді 13 ақпанда бастаған.  Тұқымға 10 млн теңге, инвестсубсидияға 40 млн теңге қажет. Тәжірбиелі маман өтінімдерге құжаттар тапсыру үшін 3 аптадан астам көз майын тауысты.

"Бұл өте қолайсыз жүйе. Бұрын "Қолдау" жүйесіне БСН-ды тергенде кәсіпорын туралы барлық мәлімет шығатын. Ал, мында тіпті БСН-мен кіру мүмкін болмады. Жан-жаққа шағымданып, әйтеуір ЭЦҚ арқылы кірдік. Бірнеше құжатты, мысалы, келісім-шарттар мен  электронды шот фактураларды бір өтінімнің астына жүктеу мүмкін боламады. Екіншісін жүктеген соң алдынғысы жойылып кетті", - деді Аграрлық компанияның бас есепшісі Раушан Тайкенова.

Шаруалар жаңа жүйеде шикілік көп екенін айтып, дабыл қағып, "Қолдау" жүйесін қайта қосуды сұраған.

"Сөзімізге ешкім құлақ аспады. Бізге бұл басқа минситрлік енгізген жоба деп түсіндірді. Бір елдегі екі министрлік бір-бірімен келісе алмай ма? Соның кесірінен көптеген шаруашылықтар көктемде қажет тұқым субсидиясына іліге алмай қалды", - дейді Аграрлық компанияның басшысы Светлана Михайленко.

Биыл облыстағы ауылшаруашылық кәсіпорындарының инвестициялық шығынын субсидиялауға 13 млрд 400 млн теңге қаралған. Алайда, жаңа жүйемен  қаржының дер кезінде шаруаларға жетеріне билік өкілдерінің өздері де күмәнданып отыр.

"Бұл қаржыны игере аламыз ба, шаруаларға таратып бере аламыз ба? Бұл мәселені бізді де алаңдатып отыр. Жаңа жүйенің жылдамдығы тасбақа секілді өте баяу.  "Gosagro.kz"платформасы әбден пісіп-жетілгенше  "Қолдауды" қалдыра тұруды өтіндік.  Алайда, қаңтар айында жауып тастады", - деп атап өтті Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Асылан Досмағанбетов. 

Жығылғанға жұдырық демекші, диқандар мемлекеттік көмектен бөлек, банктерден де кредит ала алмай, егін егуге қаржы таппай қиналуда.

"Бүгінде шаруалардың жағдайы қиын. Жыл сайын көктемгі дала жұмыстары үшін берілетін кредиттер аз бөлінді. Кейбір бакнтер әлі бастаған да жоқ. Шаруалар биыл егін егу үшін бидайын өзіндік құнынан төмен, арзанға бағаға сату мәжбүр. Олар өз мұңын шағып, халық қалаулыларына хат жолдаған. Алайда, мәселе жоғарыдан шешілгенше көктемгі дала жұмыстарына кешігіп қалуы мүмкін. Диқанның әр күні санаулы, дер кезінде тұқым сеппесе мол астыққа кенелері екіталай",  - деді Аграрлық кәсіпорын басшысы Александр Бородин. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу