Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жылу беру маусымына дайындық барысы жайлы баяндама жасады.
"11 158 білім беру нысаны жылу беру маусымына дайын. Дайын нысандардың оң көрсеткіші 99,6% құрап отыр. Білім беру нысандары бойынша Батыс Қазақстан облысында дайындық қарқыны төмен", – деді министр.
Оның сөзінше, жылу беру маусымына денсаулық сақтау нысандарының 99,2% дайын. Бұл – 5 963 нысан.
"2 өңірде нысандардың жылыту маусымына дайындығы төмен екені байқалады: Батыс Қазақстан облысында және Шымкент қаласында", – деді Бейбіт Атамқұлов.
Министрдің мәлімдеуінше, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында жылыту маусымына дайындық қарқыны нашар.
"Ауа райының нашарлауына және суықтың ерте түсуіне байланысты Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жылу беру маусымы мерзімінен бұрын басталды. Қалған өңірлерде жылу 15 қазанға дейін беріледі", – деді министр.
Қанат Махамбет