Бірнеше жерде қатар жұмыс істеп, карантин кезінде табысынан айырылғандарға да 42500 теңге алуға болады. "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ азаматтарға екі не одан да көп табыс көздерінің болуына байланысты әлеуметтік төлем төлеуден бас тартылған жағдайда қайда хабарласып, қандай құжаттар жинау керегі туралы айтып берді.
"Азамат өтінімді жіберген кезде, жүйе оны арнайы база бойынша тексереді де. Жүйе оған екі не одан да көп ұйымнан табысы түскенін бірден көреді. Белгіленген ереже бойынша мұндай азаматтарға жүйе автоматты түрде әлеуметтік төлем төлеуден бас тартады. Егер азамат қос жұмыс орнынан да төленбейтін еңбек демалысына шығып, табысынан айрылған болса, ол мемлекеттік көмек ала алады. Осындай жағдайға тап болған адамға екі жұмыс орнынан да анықтама алып, оларды тіркеп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына өтініш жазу керегін айтамыз", – дейді орталық маманы Жанболат Данияров.
2020 жылғы 24 сәуір күнгі жағдай бойынша https://42500.enbek.kz сайтына шамамен 232 мың өтініш түскен. Тек 23 сәуірде ғана қазақстандықтар 25 мыңнан астам өтініш жолдаған екен. Бүгінде оның 20 мыңнан астамына жауап берілген.
Еске сала кетсек, ҚР Үкіметі 42 500 теңге әлеуметтік төлемді алуға қатысты азаматтардың өтініштерін (арыздарын) қарастыратын 3 мекемені анықтаған болатын. Олар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" АҚ-ның 1414 call-орталығы. Онда заңнамалық кеңес ұсынылады, өтініш берген адамның мәртебесі мен әлеуметтік төлемдер алу құқығы, сондай-ақ төлемді жүзеге асыру туралы ақпарат беріледі;
2) 1411 call-орталығы және 42500@gfss.kz эл.поштасы. "Азаматтарға арналған үкімет" АҚ корпорациясының МӘСҚ-мен тікелей жұмыс істейтін азаматтарға төлем тағайындау, төлемнің кешіктірілу себептері және бас тарту бойынша ақпарат беріледі;
3) ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігің 42500.enbek.kz сайты. Бұл жүйеде азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындау бойынша барлық мәселелер қарастырылады.
Құралай Құдайберген