Екібастұз апатына бір жыл: Не істелді, кім жазаланды?

381

Осыдан тура 1 жыл бұрын Екібастұздың жылу жүйесінде апат болып, станциядағы 4 бірдей қазандық тоқтап қалды.

Екібастұз апатына бір жыл: Не істелді, кім жазаланды? Фото: Inbusiness.kz

Салдарынан, кеншілер шаһарында 149 көп қабатты тұрғын үй, 114 жер үй, 15 әлеуметтік нысан және 13 коммерциялық ғимарат жылу мен ыстық судан ажыратылып, 44 мыңға жуық тұрғын бір түнде бүрсеңдеді де қалды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қалада төтенше жағдай жарияланып, шұғыл шаралар қабылданды. Әйтсе де, көктем шыққанша біраз жұрт жылуға жарымады. Жаз бойы атқарылған жұмыстар Екібастұздың тозығы жеткен торабын қаншалықты жаңартты? Қаражат кімдердің қалтасынан жұмсалды?

Өткен жылдың қараша айының соңында теріскейде аяз қысқанда Екібастұздың әбден ескірген жылу желілері шыдас бермей ондаған жерден жарылды. Содан жылу орталығындағы қазандықтар істен шықты. Сақылдаған сары аязда дірдек қаққан халық, жылытқыштар мен қалың көрпелерге оранып жан шақыруға мәжбүр болды.

"Рас сол кездегі жағдай өте қорқынышты болды. Қыстың ортасында ең керегі жылу ғой адамға. Ыстық тамақ деген одан бәрінен бір түннің ішінде айырылып қалу, адам дайын болған жоқ. Қалай болсада ауыр тиді қаламызға",- Еріктілер жасағының мүшесі Ақмарал Қарағызова.

Екібастұз апаты күллі елді елең еткізді. Мемлекет басшысы Үкіметке шұғыл түрде шешімдер қабылдауға тапсырмалар жүктеді. Екі аптадан соң қаладағы жылу жүйесі қалпына келтіріле бастағанымен, көп жұрт көктемге дейін жарытып жылу көрмеді. Жылу қазандығынан бастап әр пәтерге кіретін құбырына дейінгі Екібастұздың жалпы жылу жүйесі әбден тозған. Жаздай атқарылған жұмыстар ауқымды болғанымен аса жаңарып кеткен жоқ. Істелер іс әлі шаш етектен.  

"Екібастұзда 92 пайыз болған еді. Желілерді жаңартқаннан кейін 91 пайызға түстік. Бірақ ол кішкентай ғана мөлшемдегі өзгерістер. Сондықтан кешенді жұмыс әрі қарай жалғастырылады",- дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Жазда жұмыстар төрт бағытта атқарылды. Техникалық аудит жасалды, қазандықтарға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. Он агрегаттың сегізі жөнделді екеуі жақында аяқталады. Жылу магистралі мен аула ішілік құбырлар жаңартылды. Әрине барлығы емес жетпіс шақырымнан астамы.

Екібастұз жылуэнерго балансындағы құбырлардың жалпы ұзындығы 340 шақырым. Осы жазда оның 20%-ы жаңартылды. Қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Дәл қазір станцияда төрт жылу қазандығы істеп тұр. Тағы төртеуі резервте.

Былтырғы апат кезінде көп қабатты үйдегі пәтерлердің жылу батареялары жарылып, 200-ге жуық отбасының баспанасы зақымданды. Үкімет, төтенше жағдай кезінде келген залал мен шығынды өтеуді толықтай монополист компанияның мойнына артты. Олар бүлінген пәтерлерді де жөндеп беруге міндеттелген.

"Бұған дейін жөнделген пәтерлердің саны 174. Тағы 21 баспананы қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. 174 пәтерге 336 млн-нан артық ақша жұмсалды. Ал, 21 пәтердің материалына 15 млн-ға жуық теңге тағы бөлінді", - дейді "Екібастұз жылуэнерго" ЖШС директоры Анатолий Моисей.

Стартегиялық нысанды кезінде меншікке алғандар ұзақ жыл ештеңе істемеген сияқты. "Табыс жоқ, шығынға жұмыс істеп келеміз", деген сөздері соны аңғартады. Мемлекетке тегін қайтаруға әзірміз, деген соң станциядағы 10 қазандықтың бесеуі жергілікті әкімдіктің балансына алынды. Жөндеуге жұмсалған 17 млрд-қа жуық теңгені де екі тарап бөліп төледі.

"Мемлекеттік резервтен,Үкіметтің резервінен 8,4 млрд теңге қаражат бөлінді сол бес қазандықты жөндеуге. Бүгінде жаңа айтып кеткендей ол жұмыстар аяқталды. Ал, енді ЦАЭК компаниясы ол "Екібастүз жылуэнергоның" иесі тарапынан 8,5 млрд теңге бөлінді. Елуде елу жөндеу жұмыстары жүргізілді деген сөз ғой бұл жерде",- дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Ал, жылу магистралі мен құбырларды жөндеуге бес млрд теңге жұмсалды. Оның 2,1 млр-ды облыстық бюджеттен, қалғаны құрылтайшының қалтасынан шығыпты. Егер, монополист иелік еткен жылдан бері үнемі жөндеу жүргізіп келген болса мұндай жағдай болмас еді, дейді сарапшылар. 

"Құрылтайшы тек қана қалтасын ойлаған өзінің шынын айтқанда. Инвестиция деп ол тек қағаз жүзінде болып жатқан нәрсе ғой. Жылда 20% ол жаңартып отырса, ауыстырып отырса. Сонда құрылтайшылардың оны жөндейтін уақыты келді ғой. Жаңадан ТЭЦ керек жоқ. Бар нәрсені іске қосып түзу қаржы бөліп отырса жылдағысына жылдай", - дейді Жылу энергетика саласының маманы, сарапшы Ержан Темірханов.

23 қарашада "Екібастұз жылуэнерго" және "Екібастұз жылу желілері" компанияларының үш бірдей бұрынғы басшыларына қатысты үкім шықты. Оларға өз жұмыстарына салғырт қарады, деген айып тағылған. Сот әрқайсысына екі жыл алты ай мерзімге бас бостандықтарын шектеу жазасын берді. Әлі де тергеліп жатқандар бар. Ал құрылтайшылар жөндеуге салған қаражатпен құтылатын сыңайлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу