Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында қылмыстық полиция қызметкерлері тыңшыларға арналған камераны саудаламақ болған 30 жастағы тұрғынды ұстады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық ІІД-нің мәліметінше, құрықталған азамат ғаламтор желісінде қарапайым кілттің салпыншағына тағылған, аудио-бейне жазбаға арналған құрылғы сататыны туралы жарнама берген. Ол бұл затты ғаламтор арқылы сатып алғанын және заң тұрғысынан мұндай техниканы саудалауға болмайтыны жайлы мүлдем бейхабар екенін айтып ақталған.
"Күдікті ешбір жерді жұмыс істемейді. Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК-нің 399-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, сараптама тағайындалды", – деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Павлодар облысында 15-17 қараша күндері "Контрафакт" алдын алу шарасы өткізілген. Полицейлер үш күннің ішінде ақпараттық технология саласында 37 құқық бұзушылықты анықтады. Оның 15-і авторлық құқықты бұзу болса, 19 факті белгіленбеген жерде сауда жасауға, бір факті заңсыз порнографиялық материалдарды таратуға қатысты. Сондай-ақ, еркін айналымда сатуға тыйым салынған 300 бірлік өнім тәркіленді.