Ресей тәрізді Украина да сотталғандарды соғысқа айдай бастады

1352

Жаңа бағдарламаға мыңдаған адам қосылмақ. Олардың арманы – түрмеден емес, майдан даласынан батыр болып үйге оралу.

Ресей тәрізді Украина да сотталғандарды соғысқа айдай бастады Фото: AP

Украина әскерге шақыру науқанын кеңейтіп жатыр. Сондағы мақсаты – Ресеймен соғыста жауынгер тапшылығы мәселесін шешу. Бұл жолы назар алғаш рет сотталғандарға да ауып отыр.

Украина Ресеймен шайқаста қанша сарбаз жоғалтқаны жайында егжей-тегжейлі мәлімет бермей келеді. Дегенмен, майдан шебіндегі командирлер кадр жетіспей жатқанын кейінгі кездері ашық мойындап жүр. РФ армиясы болса, шығыста өз күштерін кеңейтіп, бірте-бірте батысқа жылжи бастаған.

Қазірдің өзінде 3 мыңдай адам мерзімінен бұрын шартты түрде түрмелерден босатылып, әскери бөлімшелерге жіберілген. Украина Әділет министрінің орынбасары Елена Высоцкая АР агенттігіне берген сұқбатындай айқандай, сотталғандар соғысқа өткен айда парламент мобилизация туралы даулы заңды мақұлдағаннан кейін жөнелтіліп отыр.

Фото: AP

Осы министрліктің есебінше, абақтыда отырған 27 мыңға жуық адамның жаңа бағдарламаға қатысуға әлеуеті бар.

"Сотталғандарда үйлеріне түрмеден емес, майдан даласынан батыр болып оралуға деген мотивация бар", - дейді Высоцкая. 

27 жастағы Эрнест Вольвак әскери ұсынысты қабылдауға ниетті. Ол Днепропетровск облысындағы колонияға тонаушылық үшін түскен. Қазір түрме асханасында тамақ таратушы болып жұмыс істейді.

Фото: AP

"Мына жерде түк бітірмей отыра беру – ақымақтық. Соғыс басталғалы, Украина үшін бірдеңе істеп, әскери қызметке қабылдануды қаладым. Сол мүмкіндік енді туды", - дейді екі жылға қамалған Вольвак АР агенттігіне берген сұқбатында.

Сотталғандар мерзімінен бұрын шартты босау құқығына сұқбаттан, медициналық тексеруден және берілген үкім қайта қаралғаннан кейін ие болады. Бірақ зорлау, сексуалдық зомбылық, екі немесе одан көп адам өлтіру, Украина қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасау айыбымен темір тордың ар жағына тоғытылғандар мобилизацияға ілікпейді. 

Украина үкіметі бұл бағдарламаны Ресейдікінен өзгешелеу жүзеге асырмақ.  Шенеуніктердің сөзінше, мәселен, Ресей "Вагнер" тобының қолымен сотталғандарды ең қанды шайқастарға айдап салса, Киев қылмыскерлерді Украинаның маңдайалды әскери бөлімшелеріне интеграциялауды жоспарлап отыр. 

Фото: AP

Еуропалық одаққа берілген есепке жүгінсек, Украина түрмелерінде 42 мыңға жуық адам отыр. Кейінгі кездері жүргізілген реформалар олардың санын азайтып, жағдайын жақсартуға көмектессе де, АҚШ мемлекеттік департаментінің былтырғы баяндамасына қарағанда, Украина түрмелерінің басшылары сотталғандардың "намысын таптап, жазалағаны" жөнінде расталған ақпарат бар. 

Айта кетсек, тексеруден кейін мерзімінен бұрын босатылғандар дереу базалық әскери дайындықтан өту үшін лагерлерге жіберіледі және сол жерде олар қару қолдану мен соғыс тәсілдерін үйренеді.

Вице-министр Высоцкаяның мәлімдеуінше, жаңа бағдарламаға қызығушылық күтпеген жерден жоғары болып шықты және түрмелерден әскер қатарына 5 мың адам қосылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу