Екпенің зияны туралы тағы бір ақпарат тарады

1274

Қазнетте өзін Жанна Цареградская деп таныстырған азаматтың бейнеролигі таратылуда. 

Екпенің зияны туралы тағы бір ақпарат тарады

"Құқық қорғаушы, психолог-перинатолог және адамның негізгі денсаулығы бойынша маманның" айтуынша, кез келген вакцина өлімге әкелуі мүмкін, яғни дәрігерлер сізге вакцинацияны ұсына отырып, қастандық жасайды. Сондай-ақ ол жоспарлы екпе жасауға шақырылғандардың барлығы полицияға кісі өлтіру әрекеті туралы арыз жазуы керек дейді. Stopfake.kz видеода айтылған мәлімдемелердің жалған екенін хабарлады.

Жанна Цареградскаяның мәлімдеуінше, вакцинация балаға жасалған қастандықпен бірдей.

"Бұл олай емес. ДДСҰ-ның препаратқа байланысты орын алған өлім жағдайлары туралы вакциналардың жанама әсерлерінің пайда болу жиілігін бағалау туралы құжатында ештеңе айтылмаған",– деген уәж келтіреді ақпарат көзі.

Stopfake.kz вакцинациялаудан бас тартудың салдарын мысалға алады.

"Мысалы, 2019 жылы қызылшадан 110 мың адам қайтыс болды. Олардың барлығы екпе жасатпаған. Бұл ретте, ДДСҰ мәліметтері бойынша, қызылшаға қарсы вакцина алған адамдардың аурудан қайтыс болу ықтималдығы нөлге тең. Қазір қолданылып жүрген вакциналардың бәрі мұқият көп сатылы қауіпсіздік тексерісінен өтеді. Олардың тиімділігі дәлелденген. Вакцинациялау аутизммен байланысты болуы мүмкін деген мифтерді жетекші мамандар бірнеше рет жоққа шығарған болатын. Демек, вакциналауды қастандық жасауға теңестіру негізсіз және дұрыс емес. Статистикалық тұрғыдан алып қарағанда, ауыр асқынулардың болуы ықтимал және көкжөтел, сіреспе және полиомиелит сияқты алдын алуға болатын аурулардың салдарынан болатын өлім-жітім вакцинациялаудан кейінгі жанама әсерлердің пайда болу қаупінен әлдеқайда жоғары",– деп жазады.

Сондай-ақ сайтта Жанна Цареградскаяның өзі туралы қысқаша ақпарат беріліпті: "Ол жеті баланың анасы. "Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу" мамандығы бойынша орта білімі бар. 1985 жылдан бері баланы тәрбиелеу мен ана болу бойынша кеңестер беріп, ағартушылық қызметпен айналысады. 1989 жылы Мәскеуде "Рожана" перинаталды тәрбиелеу және емізуді қолдау орталығын құрған. Орталық үйде босануды, көптеген медициналық процедуралар мен арбалар, памперстер сияқты күнделікті заттардан бас тартуды, сондай-ақ ұзақ уақыт емізуді насихаттады.

Уақыт өте келе, "Рожанаға" барушылар Цареградскаяның коттеджіне көше бастады. Үй иесінің өзі бұл коттеджді "Рождество ертегісі" деп атайды. 2010 жылы бұрын саяжайда тұрған "Рожананың" 13 клиенті Цареградскаяның қызметтерінен бас тарту және заттарын алып кету үшін күйеулерімен бірге келеді. Алайда, орталықтың негізін қалаушының күйеуі Андрей үлкен ұлымен бірге оларға травматикалық тапаншадан оқ жаудырады. Нәтижесінде екі ер адам ауыр бас жарақатын алады. Осыдан кейін полиция тергеу жұмыстарын бастайды.

2012 жылы Андрей Цареградский адам денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені, сондай-ақ соққыға жыққаны үшін бес жыл қатаң режимдегі колонияға қамалды. Ал ұлы Пересвет 2013 жылы қыркүйекте ұсталды.

Саяжайды тінту кезінде травматикалық және пневматикалық қарудан басқа, арбалеттер мен оқ-дәрілер табылды. 2013 жылы қазан айында ұйым секта деп танылып, оны құрған адам қамауға алынды.

Кейіннен полиция, "Рожана" басшылығы отбасын қоғам институты ретінде жоққа шығарғанын және медициналық көмектен бас тартуды ғана емес, сонымен қатар білім алудан, жұмыс істеуден және әскери қызметтен бас тартуды насихаттағанын хабарлады. Әйелдер осы принциптерге күмән келтірген жағдайда, "Рожана" қызметкерлері психикалық зорлық-зомбылық көрсеткен, қауіп төндірген, бопсалап, клиенттерін ұрып-соққан. Бұған қоса, "Ертегіде" тұру және Цареградскаяның семинарларын тыңдау ақылы болған".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу