Елбасы Жапония императорының таққа отыру рәсіміне қатысуда

1072

Елбасын салтанатты рәсімге Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ арнайы шақырған болатын.

Елбасы Жапония императорының таққа отыру рәсіміне қатысуда Фото: inform.kz

 Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның императоры Нарухитоның таққа отыруына арналған ресми шараға қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

177 елдің делегациясы қатысып жатқан салтанатты шара Император сарайының "Matsu-no-Ma" мемлекеттік залында өтуде. Залға алдымен император Нарухито кіріп, таққа отырды. Іле-шала оның жұбайы патшайым Масако залға өтіп орнына жайғасқаннан кейін мәртебелі меймандар орындарынан тұрып, императорға құрмет көрсетті.

Қазіргі уақытта император Нарухито халқына және барша әлемге өзінің таққа отырғандығын жариялауда. Жолдау аяқталғаннан кейін жапон халқы атынан сөз сөйлейтін Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ: "Го-сокуи о сюку-ситэ тэнно хэйка бандзай!" (Таққа отыру құрметіне орай, Ұлы мәртебелі император жасасын!) деп құттықтамақ.

Салтанатты рәсімге Нарухито тек императорға ғана арналған "gosokutai" деп аталатын дәстүрлі киім киіп келген. Оң қолына ұлылық нышаны саналатын "onshaku" (ағаш асатаяқ) ұстаған. Императордың таққа отыру салтанатының ұлылығын қылыш, садақ, қорамса, айбалта және қалқаннан тұратын салтанатты заттар білдіреді.

Жалпы император Нарухитоның таққа отыруына арналған салтанатты шараға Швеция, Есватини, Лесото, Камбоджа, Бутан, Тонго, Нидерланды, Испания, Бельгия, Малайзия корольдері, Түрікменстан, Қырғызстан, Того, Нигер, Финляндия, Венгрия, Кения, Бангладеш сынды елдердің Президенттері келген.

Естеріңізге сала кетейік, Жапония үкіметі 2019 жылдың 1 мамырында жаңа империялық кезеңнің басталғанын жариялады. Бұл кезең "Рейв" дәуірі деп аталады – бұл атау қазақ тілінде аударғанда "тәртіп", "үйлесім" және "гүлденген әлем" деген мағына береді. Қазіргі "Хэйсэй" деп аталатын дәуірдің атауы қытай әдебиетінен алынған болатын, ол "әлем жетістігі" деген мағына береді. Ол дәуір 1989 жылдың қаңтарында, Хирохито император қайтыс болған кезде басталған еді. Оның ұлы Акихито Жапонияның 125-ші императоры ретінде 30 жылға жуық уақыт билік құрды. Сөйтіп өз еркімен тақтан бас тартты. Ол бұл шешімін жасының ұлғайғанымен түсіндірді. Ханзада Нарухито таққа 1 мамыр күні отырды.

1989 жылдың 7 қаңтарында Жапонияның мұрагер ханзадасы ретінде ресми жарияланған Нарухитоның бірқатар ұлттық және шетелдік наградасы, сонымен қатар Оксфорд университетінің докторы сынды құрметті атақтары бар. Ол су экожүйесінің проблемаларына айрықша назар аударып, су ресурстары мен санитария проблемаларына арналған халықаралық ғылыми форумдарда жиі баяндама жасаған. Жапондардың ортағасырлық поэтикалық жанры "вака" дәстүрлі поэзиясымен әуестеніп, альт аспабында ойнайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу