Елде папиллома вирусына қарсы вакциналау басталады

356

Папилломаға қарсы екпе 11 жастағы қыздарға қойыла бастайды.

Елде папиллома вирусына қарсы вакциналау басталады Фото: Inbusiness.kz

Денсаулық сақтау министрлігі келер жылы жаңа вакцина енгізілетінін хабарлады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Негізі, мұндай бастама Қазақстан үшін таңсық емес. Елде осыдан 10 жыл бұрын мұндай екпе міндетті саналған. Алайда препарат бойжеткендерге кері әсерін беріп, тіпті, есінен танып қалғандар да болған. Бұдан соң жұрттың наразылығы күшейіп, ақыры, вакцина алынып тасталған еді. Сонда сәтсіз тәжірибеге қайта оралуымыз қаншалықты қисынды? Ал екпе міндетті бола ма?

Гүлжан Ахмурзина жеке диагностикалық орталықта қызмет етеді. Соңғы 3 жылда 1 мың адамның ағзасына тестілеу жүргізген ол, папиллома вирусының күрт көбейгенін айтады. Тері түзілімінің сырт көзге еш зияны жоқтай көрінеді. Бірақ уақыт өте қант диабеті, жатыр мойны обыры сынды ауруларға әкеп соғатын көрінеді. Сол себепті маман вирустан тез арада құтылған дұрыс деп есептейді.

"Папиллома теріде тұрғанымен, оның адамға еш зияны жоқтай көрінеді. Ол қызармайды, қышымайды және ауырмайды. Сол себепті көбі оған мән бермей жүре береді. Бірақ пациенттер диагностикаға келген кезде, ол вирустың ішкі ағзаны қалай зақымдап жатқаны көрінеді. Сол себепті оны міндетті түрде, уақытылы емдеу керек", - дейді Ағзаны диагностикадан өткізу орталығының маманы Гүлжан Ахмурзина.

2024 жылдан бастап денсаулық сақтау министрлігі адам папилломасы вирусына қарсы вакцина егуді бастамақшы. Екпені ата-ана рұқсатымен ғана әуелі 11 жастағы қыздарға қою жоспарланып отыр.

"Қазір дайындық жұмыстары басталып кетті. Ол күнтізбелік жоспарға, нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізу сияқты өзге де жұмыстарды жасап жатырмыз. Құдай қаласа келесі жылдан бастап, бұл жұмыс басталатын болады", - деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.

Әлем бойынша жыл сайын орта есеппен жатыр мойыны обырынан 300 мың адам қайтыс болады. Қазақстанның өзінде бұл дерт жыл сайын 1600 нәзік жаннан анықталады екен. Ал, Атырау облысында 585 науқас есепте тұр. Аурудың кесірінен елде осы уақытқа дейін 500-ден астам адам қайтыс болыпты. Сол себепті сарапшылар вакцинаны енгізуді қос қолдап қолдайды. 

"Біздің Қазақстанда ғана емес, бұл проблема әлем бойынша өзекті. Жатыр мойны обыры қауіпті болғандықтан, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі папилломаға қарсы вакцинадан бас тартпаған дұрыс деп есептейді. Сарапшы ретінде мен де қолдаймын", - дейді Медицина саласының сарапшысы Нұрша Рысакова.

Сала мамандарының сөзінше вакцина алған адамның папилома вирусын қайта жұқтырмайтынына 100 пайыз кепілдік жоқ. Бұл ретте дұрыс тамақтанудың да аса маңызды екенін ескерген дұрыс.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу