Елімізде 100 мың пәтер болашақ иелеріне заңсыз сатылып кеткен

504

Құрғақ уәдеге тойған үлескерлердің тұрғын үй қаладағы проблемалық баспаналар тізіміне енсе, мәселеміз шешілер еді, деген үміті бар.

Елімізде 100 мың пәтер болашақ иелеріне заңсыз сатылып кеткен Фото: Inbusiness.kz

Елімізде салынып жатқан тұрғын үйлердің 70 пайызға жуығының рұқсат құжаттары жоқ. Шамамен 100 мың пәтер болашақ иелеріне заңсыз сатылып кеткен. деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Құрылысы ұзаққа созылған, проблемалық тұрғын үйлердің саны азаймай тұрғаны содан. Қазір мұндай нысандардың саны 50-ге жуықтайды. Ал мемлекеттің есепке алмағаны қаншама.

Бұл қиялдағы "Бостон-2" тұрғын үй кешені. Ал шынайы кейпі-мынау. Осыдан бір жыл бұрын құрылысы аяқталып, суреттегідей жарқырап, 130-дан аса отбасының ыстық ұясына айналуы керек болған үйге былтырғы жаздан бері бірде-бір кірпіш қаланбапты.

"Осы тұрғын үйден біз 2022 жылдың сәуір айында екі бөлмелі пәтер алғанбыз. 15 млн салғанбыз 100 пайыз. Бізге келісімшарт бойынша кілт 2023 жылдың қаңтар айында табысталуы керек еді. Бірақ әлі күтіп отырмыз, құрылысты салушы бізге желтоқсан айының 31-і күні кілт аласыздар деп уәде берген. Бірақ біз әлі кілт алған жоқпыз. Құрылыс тоқтап қалған. Ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ", -дейді үлескер Әсия Бекенова.

Нысанға барлығы 70 үлескер ақшасын құйған. Тұрғын үй 2021 жылдың көктемінде салына бастағанмен, компания әкімдіктен рұқсат қағазын тек 2022 жылдың соңында бірақ алыпты. Жауапты мекемені хабардар етпей әрекет етіп, үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал қазір неге құрылыс тоқтап, сыртында құлып ілулі тұрғанын былай түсіндірді.

"Алғашқыда тұрғын үй кешені 2023 жылдың 4-тоқсанында пайдалануға берілуі керек еді. Алайда, нысан уақытша электр жабдықтарымен жабдықталғандықтан, пайдалануға беру мерзімі 2024 жылдың 4 тоқсанына шегерілді. Қазіргі уақытта нысанға тұрақты электр жабдықтарын кіргізу үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр", - дейді "BOSTON (БОСТОН)" ЖШС-і.

Құрғақ уәдеге тойған үлескерлердің тұрғын үй қаладағы проблемалық баспаналар тізіміне енсе, мәселеміз шешілер еді, деген үміті бар. Қазірдің өзінде еліміз бойынша құрылысы ұзаққа созылған 44 нысан бар екен. Қазақстан құрылыс компаниясының былтыр жүргізген сараптамасына сүйенсек, еліміздің құрылыс саласындағы көлеңкелі нарығының үлесі 68 пайызға жуықтайды. Демек, шамамен 100 мың пәтер болашақ иелеріне заңсыз сатылған.

"Елімізде құрылыс компаниялары Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігін алса, жобаға екінші деңгейлі банктер қатысса немесе тұрғын үй қаңқасын тұрғызғаннан кейін әкімдіктің рұқсатын алса ғана үлескерлердің ақшасын тартуға құқылы. Содан кейін үлескерлік қатысу туралы шартқа отырады. Заң жүзінде, ресми жасалып жатқан келісім-шарттар Казреестр мемлекеттік ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Үлескерлер тиісті анықтаманы егов порталынан алады", - дейді "ҚТК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов.

Аталған талаптардың бірін де орындай алмаған құрылыс компаниялары үлескерлермен алып-сату, инвестиция салу сынды келісім-шарттарын жасайды екен. Ал мұндай құжаттар еш жерде ресми түрде тіркелмегендіктен, бір пәтердің бірнеше адамға сатылып кетуі де бек мүмкін. Сондықтан үлескер үйсіз қалмайын десе, компанияның рұқсат құжаттарын тексеріп алуы қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу