Елімізде ауқымды "Киік" акциясы басталды

1554

15 сәуір мен 15 мамыр аралығында еліміздің 12 облысында кең ауқымды "Киік" табиғат қорғау акциясы өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде ауқымды "Киік" акциясы басталды

Іс-шараны ұйымдастыруға Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастамашы болып отыр. Тараптар ""Киік" табиғатты қорғау акциясын өткізу туралы" бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Акцияның мақсаты – киіктердің құралайын өргізетін кезеңінде оларды қорғауды күшейту, бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру.

Акция барысында құқық қорғау органдарымен бірлесіп киік мүйіздерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл және оларды елден тыс жерлерге шығару бойынша шаралар күшейтілетін болады.

Осы ауқымды іс-шараға 200-ге жуық инспектордан тұратын мобильді топтар, 64 бірлік жоғары өтімді автомашиналар, "Охотзоопром "ӨБ" РМҚК-ның 12 "КУНГ"-тары, "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшақтары, сондай-ақ Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелерінің, құқық қорғау органдары мен Шекара қызметінің қызметкерлері жұмылдырылды.

Өткен жылдардағы табиғатты қорғау іс-шараларының нәтижелері ақбөкеннің мүйіздерін заңсыз өндіруге сұраныс әлі де жоғары екенін көрсетіп отыр. 2020 жылы Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің инспекторлары киікке қатысты браконьерліктің 85 фактісін анықтаған. Нәтижесінде 727 ұша, 3 489 киік мүйізі тәркіленіп, жалпы шығын 2,4 млрд теңге деп есептелген.

Айта кетсек, 2019 жылы браконьерлік үшін заңнаманы қатаңдату бойынша ҚР Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізілген еді. Оған сәйкес заңсыз аң аулағаны үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге дейін қатаң жазалар көзделген.

Бұдан басқа, киіктердің санын сақтау және ұлғайту мақсатында 2020 жылы Экология министрлігі ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, Қазақстанның бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын 2023 жылға дейін пайдалануға тыйым салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу