Елімізде кәсіпкер әйелдер қандай кедергілерге ұшырайды?

995

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін және әйелдерге қатысты гендерлік теңдікті дамыту жөніндегі Коалиция құрылған. Бүгінде ол 30-дан аса әйелдер бизнес-қауымдастықтарын, азаматтық қоғам ұйымдарын және кәсіпкерлерді біріктіреді.

Елімізде кәсіпкер әйелдер қандай кедергілерге ұшырайды?

Еліміздегі кәсіпкер әйелдердің үлесі – 43,5%. Олардың басым бөлігі шағын және орта бизнеспен айналысады. Бұл туралы Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі және гендерлік теңдікті дамыту коалициясының мүшесі Диана Ахметжанова хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

"Статистикаға сүйенер болсақ, елдегі кәсіпкер әйелдердің үлесі 43,5%-ды құрайды. Қоғамда бір жазылмаған заңдылық бар. Әйелдер көбінесе шағын және орта бизнеспен айналысады. Ал ер адамдар ірі кәсіпкерлікте жүреді. Әйелдер әлеуметтік кәсіпкерлікте, креативті индустрияда көп", – деді Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі және гендерлік теңдікті дамыту коалициясының мүшесі Диана Ахметжанова.

Спикер Қазақстанның 6 өңірінде жүргізілген зерттеуге де тоқталды. Оның нәтижесіне сәйкес бірінші орында тұрған кедергі – ақпараттық қамтамасыз етудің ақсап тұрғаны.

"Бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік несиелер бөлініп жатыр. Олар қай уақытта бөлінді, кімдерге арналған – осы сынды ақпарат өңірлердегі әйелдерге жетпей жатады. Кәсіпкерлерді дамыту орталықтары бар екенін көбі біле бермейді. Бұдан бөлек қаржыландырудың жеткіліксіздігі мәселесі бар. Жыл сайын мемлекеттік гранттар аз көлемде беріледі. Ол сома бизнесті бастауға мүмкін жетіп те қалар, бірақ грант саны аз. Оны алудың да өзіндік талаптары бар. Мысалы, көп кәсіпкер әйел грант алу немесе несиелендіру бағдарламаларына ілінбей қалып жатады", – дейді коалиция мүшесі. 

Диана Ахметжанова қоғамда қалыптасқан әлеуметтік-мәдени стереотиптер бизнеспен айналысқысы келетін әйелдерге кесірін тигізеді дейді. 

Ал Қазақстандағы халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығы (CIPE) өкілі Зарина Бекболат кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары жөнінде бірыңғай онлайн бизнес-платформаның, еліміздің тәжірибесінде қолданылатын сапалы бизнес-оқытудың жоқтығын айтады. Бұдан бөлек гендерлік кедергілер де әйелдердің кәсіпкерлік қызметке толыққанды қатысуына мүмкіндік бермей отыр дейді. 

Айта кету керек, коалиция көбінесе консультативтік қызмет атқарады. Оның мүшелері биылғы наурыз-шілде аралығында консультативтік кездесулер өткізген. Оның нәтижесі бойынша арнайы ұсыныстар дайындалып, Үкіметке, бизнес қауымдастыққа, ірі кәсіпорындарға жолданбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу