Елімізде мыңдаған тонна күнбағыс өнімі өтпей, қоймаларда толып тұр. Шаруалар өнім бағасының 2 есе құлдырауы мен сұраныстың жоқтығынан шаш етектен шығынға батқалы отырмыз, дейді. Айтуларынша, көрші елдерден арзан бағада келген май дақылы ішкі нарықты әбден жаулап алған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ал, өсімдік майын өндіруші кәсіпорындар ұсынған баға, шаруалардың жылдық шығынын жаба алмайды. Амалы таусылған диқандар биліктен көмек сұрайды.
Биыл, елімізде күнбағыс 2 есе арзандады. Былтыр желтоқсан айында тоннасына 230 мың теңге болса, жыл басында бірден 140 мың теңгеге құлдыраған. Шаруалар ішкі нарықты Ресей мен Украинадан келген арзан өнім жаулап алғанан айтады. Ал, майлы дақылдың экспортына енгізілген баж салығы өнімге деген сұранысты бірден төмендеткен. Осылайша қоймаларға сақталған 1 млн тоннаға жуық күнбағыс өнімі шіріп кетудің аз-ақ алдында тұр.
"Біз мұндай бағамен былтырғы шығынымыздың жартысын да жаба алмай қаламыз. Биыл, көктемгі егіс науқанына мемлекеттік көмек беріліп жатса да біз, жерге соқа сала алмадық. Өйткені былтырғы жылдың өнімі әлі сатылмады. Қордаланған мәселеден кәсіпорын жабылып қала ма деген де қауіп бар", - дейді кәсіпкер Владимир Фонкин.
Былтыр ақпанда күнбағысқа 20 пайыздық экспорттық баж салығы енгізілді. Өйткені бұған дейін ел аумағындағы май өндіруші кәсіпорындарға шикізат тапшылығы байқалған. Оған елдегі күнбағыс өнімінің шетел асып кетуі себеп.
"Былтыр ведомствоаралық комиссияның шешімімен Баж салығы көтерілді. Шарулардың сұранысына сай, бұл мәселе сәуір айында тағы да талқыланды. Алайда "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы мен жауапты министрліктер бұл ережені сол күйінде қалдырды", - ҚР Сауда және интеграция министрлігі департамент директорының орынбасары Серік Ашитов.
Ал, сарапшылар экспортқа тыйымның тиімді тұстары көп,- дейді. Мұнда шығынға ұшырап отырғандардың көпшілігі алыпсатарлар деген болжам айтады. Сөздерінше, күзгі науқан кезінде қоймаға арзан өнім толтырған алыпсатарлар экспорт есебінен пайда көздеп отыр екен.
"Сол себепті біздің зауыттардың мүмкіншілігі 3 млн тонна болғанымен, қазір өндіріс 1 млн орта есеппен. Бізде шемішке жетіспегендіктен осындай пошлина енгізілуде. Ол дұрыс шешім. Біздің зауыттар жұмыс істесін", - деді сарапшы Марат Абдрахманов.
Осылайша сарапшылар май өндірушілер шикізаттың аздығынан толық өндірістік қуатқа өте алмай отырғанан алға тартады. Былтыр еліміз бойынша 1 млн 2 жүз мың тонна өнім жиналған. Бұл елдегі сұйық май өндірісінің сұранысын толық жаба алмайды. Сондықтан мамандар өнімді сыртқа саудалау әлеуметтік тауар бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін,- дейді. Ал, күнбағыстың қоймаларда тонналап тұрып қалуында сауда мәселесі жатыр деген пікірде.