Елімізде өрттің қауіпті кезеңі басталды

670

Елімізде өрттің қауіпті кезеңі басталды Фото: ҚР ТЖМ

"Елімізде өрттің қауіпті маусымы басталды. Осы уақытта құрғақ шөптің, қоқыстың жануына байланысты ауылдық елді мекендерде, орман учаскелерінде және ауыл шаруашылығы алқаптарында өрт саны күрт өседі.

Өрттің басым бөлігі бақыланбайтын ауыл шаруашылығы өрттерінің салдарынан болады, ормандар отты абайламай пайдалану салдарынан да жанады. Бұл бау-бақша учаскелерін жинаумен  және халықтың табиғатқа жаппай шығуымен байланысты", делінген министрлік хабарламасында.

Биыл өрт қауіпті маусым республиканың оңтүстік өңірлерінде 20 наурызда басталып, елдің солтүстік, батыс, шығыс және орталық аймақтарында 5 сәуірден басталды.

Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Жетісу және Абай облыстарында 19 орман өрті тіркелді. Өрттің ауданы 5 мың 415 гектарды құрады, өрттен болған шығын 10 млн. 981 мың теңгені құрады.

Бұдан басқа, Алматы қаласы, Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Жетісу, Ұлытау және Абай облыстарында 147 дала өрті тіркелді, олардың ауданы 599 гектарды құрады.

Орман-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мақсатында өртке қарсы қызмет, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен орман инспекциясы қызметкерлерінен құралған мобильді топтар құрылды.

1 862 адамнан құралған 435 мобильдік топ 271 бірлескен рейд (патрульдеу) жүргізді, нәтижесінде 49 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Табиғи өрттерді болдырмау үшін ҚР ТЖМ табиғатта жол берілмейтінқарапайым іс-әрекеттерді еске салады:

- жанып жатқан сіріңкені, темекі тұқылын, түтікше күлді лақтыруға болмайды. Оларды мұқият сөндіру қажет;

- жанар-жағар май сіңген материалдарды қалдыруға болмайды;

- топырақ бетінде шыны заттар мен сынықтарды қалдыруға болмайды. Олардың көміп тастау, не болмаса өзіңмен алып кету қажет;

- шөпті жандыруға болмайды;

- қылқан жапырақты жас шыбықтар бар орындарда, ағаш кесетін жерлерде от жағуға болмайды. Егер от жағу қажет болса, оттан бір метр радиуста барлық жанатын материалды алып тастап, оттан түскен шоқтарды және ұшқындарды үздіксіз бақылап отыру керек. Отты қатты жағуға болмайды.

- сөндірілмеген отты қалдыруға болмайды. Отты мұқият сумен немесе құм сеуіп өшіру қажет.

Өрт шыққан жағдайда дереу өртке қарсы қызметке "101" телефоны бойынша хабарлау қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу