Еліміздегі электр станцияларының дені ескірген технологиялармен жұмыс істейді

235

Электр энергиясының 70%-ы көмірді қолдану арқылы өндіріледі.  

Еліміздегі электр станцияларының дені ескірген технологиялармен жұмыс істейді Фото: inbusiness.kz

Сенатор Сүйіндік Алдашев Қазақстанда өндірілетін жаңартылатын энергияның үлесі төмен екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенат депутаты ESG стандарттары әлемдік экономика ауқымындағы маңызды үрдіске айналғанын атап өтті.

"Қоғамның, тұтынушылар мен реттеушілердің өзгеріп отырған сұраныстарына жауап ретінде қазақстандық бизнес экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық жауапкершілік қағидаттарына барған сайын бағдарлана түсуде, бұл өз кезегінде жоғары бәсекелестік орта жағдайында стратегиялық артықшылыққа айналуда. Бүгінгі таңда ESG принциптерінің ішінде көшбасшы компаниялар үшін ең басымдылыққа ие, бұл басқару принциптері. Компаниялардың 84%-ы стейкхолдерлермен өзара іс-қимыл процестерін және 50%-ы тұрақты даму мәселелерін басқару құрылымын сипаттайды. 66%-ы үшін адам құқықтарын қорғау тұрғысынан әлеуметтік принциптері өзекті, ал тек қана 38%-ы экологиялық принциптерді ұстанады", - деді ол Сенатта өткен Парламенттік комиссия  отырысында.

Сүйіндік Алдашев ESG-факторларына тоқталды.

"Бүгінде еліміздегі электр энергиясының 70%-ы көмір отынын қолдану әдісінен өндіріледі. Бұл ретте электр станцияларының орташа тозу деңгейі 56%-ды құрап отыр. Электр станцияларының басым бөлігі жобалық қызмет мерзімінен асып кеткен әрі ескірген технологиялармен жұмыс істейді. Көмір электр станцияларының орташа жасы 55 жылды құрап отыр, ал олардың жабдықтарының нормативтік ресурсы – шамамен 30 жыл", - деді спикер. 

Қазақстан 2016 жылы қол қойылған Париж келісімі бойынша міндеттемелер алған.

"Оның шеңберінде 2030 жылға қарай парниктік газдардарды 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қысқарту көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде жаңартылатын энергия көздері арқылы энергия өндіруді арттыруды талап етеді. Қазақстанның "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдамамен нысаналы индикаторлар – электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі электр энергиясын өндірудегі баламалы көздердің үлесіне 2030 жылға қарай 30%-ға дейін және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін қол жеткізу бекітілді. Дегенмен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергияның үлесі өндірілген электр энергиясының шамамен 12%-ын ғана құрады", - деді сенатор.

Оның айтуынша, елде өндірілетін жаңартылатын энергияның үлесі төмен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу