Шара шеңберінде Асқар Маминге Швецияда шығарылған заманауи "Гамма-пышақ" кешені таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz премьер-министрдің ресми ресурсына сілтеме жасап.
"Денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру – елімізді дамытудың басты басымдықтарының бірі. Әзірленіп жатқан "Дені сау ұлт" ұлттық жобасы аясында денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бойынша шаралар кешені қабылданады", – деді үкімет басшысы.
Айта кетейік, Қазақстан осындай жоғары технологиялық жабдығы бар ТМД аумағындағы үшінші, ал Орталық Азиядағы бірінші ел.
Жалпы, әлемде 400-ге жуық "Гамма-пышақ" қондырғысы бар, олардың жартысы АҚШ пен Жапонияда орналасқан.
"Гамма-пышақ" – бұл бас миы ісігін, тамырлы және функционалды ауруларын емдеуге арналған радиохирургиялық қондырғы. Мұнда 192 кобальт-60 көздерінен радиоактивті сәулелену қолданылады. Ол ісік жасушаларының ДНҚ-сын бұзады. Бұл ретте мидың сау тіндері мен науқастың денесі сәулеленбейді. Операция ауырсынусыз жасалады.
Қанат Махамбет