Бүгін елордада "Берекелі баспана", әлеуметтік аз қамтылғандар үшін "Көп балалы отбасы" аясында 248 пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Бүгін баспана кілтіне ие болғандардың бірі Ж.Бейсенбекова он жыл бойы бұл күнді күтіпті.
"Мен 12 жыл бойы өзімнің шаңырағым болса екен деп армандадым. Осы уақытқа дейін қаншама сергелдеңге түстім. Отбасыммен әр үйдің босағасында жүрдім. Енді, міне, бүгін қуанышымда шек жоқ. Қала басшыларына айтар алғысым шексіз", – деп қуанышымен бөлісті Ж. Бейсенбекова.
Бүгін тапсырылған үйдің іргетасы осыдан он бір жыл бұрын қаланғанымен, құрылысы тоқтап тұрған. Иесіз қалған тұрғын үйді "Базис-Дорстрой" ЖШС мекемесі алып, құрылысты аяқтаған.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж жандар қатары 47 099 адамды құрайды. Биыл мамыр айында "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға өзгерістер енгізіліп, халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы көп балалы отбасылар жеке топқа бөлінген болатын.
Сондай-ақ, биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 1634 пәтер беру жопарланған. Оның 731-і жалға, 233-і көпбалалы отбасыға, 105-і жетім балаларға, 277-і халықтың әлеуметтік осал тобына , 115-і мемлекеттік қызметшілерге және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне ұсынылмақ. Оның сыртында 2020 жылы тағы да 1640 пәтер үлестіріледі деп жоспарланып отыр.