Елордада ЕКҰ арқылы сәби сүюдің құны қанша

1758

Бұл туралы репродуктолог-дәрігер, "Экомед Астана" клиникасының медициналық директоры Алмаз Ибрагимов мәлімдеді.

Елордада ЕКҰ арқылы сәби сүюдің құны қанша

Қазақстанда мемлекет тарапынан жыл сайын денеден тыс ұрықтандыру бағдарламасы бойынша 900 әйелге тегін квота бөлінеді.  Бірақ негізгі қажеттілік бұдан бес есе жоғары. Бұл туралы репродуктолог-дәрігер, "Экомед Астана" клиникасының медициналық директоры Алмаз Ибрагимов мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Бүгінде жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы балалы болу үшін орындалатын бір бағдарламаны өткізуге шамамен бір ай уақыт кетеді. Ол әйел адамның етеккір цикліне байланысты жасалады. Кейде да­йындық жұмыстарымен қоса ал­ғанда екі айға созылуы мүмкін.

"Қа­ражат жағына келсек, әртүрлі бағ­дарламалар қарастырылған. Ұстазым Салтанат Байқошқаровамен бірге ізденіс жүргізетін негізгі бағытымыз – денеден тыс ұрықтандыру әдісінің нәтижелігін төмендетпей, бағасын қолжетімді ету. Яғни 300-400 мыңнан басталады, әрі кеткенде 1 млн теңгеден сәл асады. Мәселен, әйелдің ағзасына аз дәрі кететін, жүктеме аз түсіретін бағдарлама бар. Табиғи циклде жасалатын, стимуляция арқылы немесе ­эмбриондарды қатырып, сосын әйел адамның ағзасына бір-екі ай демалыс беріп салу әдістері де өз нәтижесін береді", – деді ол.

Сондай-ақ, дәрігер ұрықтандыру бағдарламасы бойынша квотаны қалай алуға болатынын да тілге тиек етті.

"Алдымен жергілікті емханаға қаралып жүрген акушер-гинекологтың жолдамасымен отбасын жоспарлау орталығына барып кезекке тіркелу керек. Ол жақта комиссия арқылы кезегі келгенде жергілікті департаменттен қаржы бөлінеді.Сол арқылы біздің орталығымызға келіп, балалы болуға мүмкіндік бар. Ал өз бетінше келгендер емді бірден бастап кетуге болады", – дейді Алмаз Ибрагимов.

Оның сөзіне сенсек, қазіргі уақытта кем дегенде 100-150 адам қаралуға тіркеледі. Олардың қатарында бұрын ем алғандар, жаңадан қаралып жүргендер немесе бағдарламаға қатысып, қадағалауда жүргендер де бар.

Айта кетсек, Алмаз Ибрагимов басқаратын "Экомед Астана" клиникасының  мамандар тобы бедеулікті жаңа репродукциялық әдістермен емдеу арқылы 5 мыңнан аса баланың дүниеге келуіне себепші болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу