Елордада латын әліпбиіне байланысты конференция өтті

2199

Конференцияда жаңа әліпби емлесі, әдістемесі мен халықаралық тәжірибелер талқыланды.  

Елордада латын әліпбиіне байланысты конференция өтті

Бүгін ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен "Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе" тақырыбында республикалық конференция өтті, деп хабарлайды qazlatyn.kz.

Конференция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында көрсетілген мемлекеттік тіл саястын жүзеге асырудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Конференцияда жаңа әліпби мен емле ережелеріне қатысты ғылыми-теориялық және әдістемелік мәселелер, латын әліпбиін меңгертудің тиімді әдістемесі, жаңа емле ережелеріндегі өзекті мәселелер, әліпби ауыстырған түркі тілдері емлесінің қалыптасу, жетілу жолдары талқылануда.

"Президент Қасым-Жомар Тоқаев ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға әліпби ауыстыру мәселесін, таңбалауды қайта қарауды тапсырған болатын. Соған сәйкес Тіл саясаты комитеті ұсынылған жобаларға жіті көңіл бөліп, арнайы мамандар талқылауы мен сараптамасын ұйымдастырып отыр. Біз бүгін жаңа әліпби емлесі мен оны оқыту әдістемесінде кездесетін қиындықтардың алдын алу үшін бас қосып отырмыз. Сонымен қатар авторлық әліпби нұсқаларын талқылайтын боламыз. Ол ашық жүргізіледі. Талқылауда автор өз жобасын филолог ғалымдар мен ІТ мамандар алдында қорғайды. Әрбір жобаның артықшылықтарын ескеріп, жалпыхалыққа ыңғайлы әліпби жасайтын боламыз", – дейді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов.

Конференцияда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов өз ойын ортаға салды

"Ғылым революцияны сүйеді. Тіл де үлкен бір ғылым саласы. Оның заңдылықтары мен ережесі заман талабына сай өзгеріске ұшырауы да заңды. Дегенмен де біз ұлттық төл таңбаларымызды, қазақ тілінің тазалығы мен ерекшеліктерін жазуда да, сөйлеуде де сақтап қалатын әліпби жасауға тырысамыз. Бұл жолда бір сәт те тоқтамаймыз. Бүгінгі конференцияның да басты мақсаты осы", – деді ол.

Конференцияда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Нұргелді Уәли жаңа әліпбидің орфографиялық ережелерінің ғылыми негіздері жөнінде сөз сөйледі. Ол таңбаның дыбыстық мәніне басымдық беру қажет екендігіне тоқталды.

"Әріп ашу грамматикалық яғни жазу мәселесі. Ал буын ашу фонетикалық деңгей болса, таңбалау орфография мәселесі. Біз әліпби жазауда осы үштікті негізге алуымыз керек. Сонда нақты әрі, базалық нормаға сай әліпби жасап шығамыз", – деді Нұргелді Уәли.

Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Таңат Аяпова шет тілінен енген сөздерді жаңа әліпбиде жазу нормалары туралы ашып айтып, ағылшын тілі жазуындағы қателіктерді қайталамауға шақырды.

"Әліпби жасағаннан кейінгі біздің басты мәселеміз оны түрлі аудиторияға "қалай үйретуіміз керек?" болатыны анық. Біз әліпбиді оқыту барысында ата-бабамыздан мирас болып қалған сөзді оның айтылуы, дыбысталуы мен грамматикасын бұзбастан жеткізуге міндеттіміз. Әліпби жасаймыз деп тіл табиғатына тисе алмаймыз. Сондықтан әрбір әріпке дұрыс, сәйкес таңба беруге тиіспіз. Оны техника мүмкіншілігімен шектеуге болмайды", – деді.

Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Жанбота Есепбай орта білім жүйесіне латын әліпбиінің енуі жөнінде және т.б. ғалымдар жаңа әліпбидің, оның емле ережелерінің әр алуан мәселелері жөнінде баяндамалар жасады.

"Тұңғыш президент жарлығымен енгізілген қазіргі әліпби мұнан бұрын ұсынылған диграф, апостроф әліпбилерге қарағанда әлдеқайда ыңғайлы. Себебі бұл әліпбиде қазақ жазуының негізгі принціпі сақталған. Және акут тұстас бір графикалық белгі ретінде қабылданады. Ал апостороф олай қабылданбайтын. Дегенмен де бізде ch, sh таңбаларына қатысты мәселелер туындап отыр. Себебі диграф арқылы берілген сөздерді әліпбиді енді оқып, үйреніп жүрген балаға меңгерту өте қиын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әліпби үлгісін қайта қарау жөнінде тапсырма беруі расын айтқанда, ғалымдар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Біз баршамыз бірігіп, ортақ шешіммен мәселенің түйінін тарқатамыз деп ойлаймын", –дейді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу