Ең қажет салықтық жеңілдіктер қысқартылып жатқан жоқ – Асхат Аймағамбетов

216

Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексінің жобасымен танысты.

Ең қажет салықтық жеңілдіктер қысқартылып жатқан жоқ – Асхат Аймағамбетов Фото: ort.com

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов салықтық жеңілдіктерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Биыл біз жаңа бюджетті қарап отырмыз. Онкологияны емдеуде 20 млрд теңгені азайтып жатыр, гемодиализді азайтып жатыр. Өлейін деп жатқан адамды бағатын паллиативті көмекті азайтып жатыр. Бюджетте ақша жоқ дейді. Неге олай десек, жылына 9,5 трлн теңге салықтық жеңілдіктердің кесірінен түспейді деді. Президент осы жеңілдіктерді азайт деген уақытта министрлік оның 6,2 трлн теңгесі жеңілдіктер емес дейді. Оны қалай түсінуге болады? Оның әдістемесі қандай? Егер бюджетке қаражат түспесе, ол салықтық жеңілдік болу керек деп ойлаймын. Екіншіден, қысқартып жатқан 20 пайыз. Оны да қарап отырмыз, бұл қысқартылып жатқан жеңілдіктер керек емес жеңілдіктер. Сонда ең керек салықтық жеңілдіктер қысқартылып жатқан жоқ. Қысқартылып жатқан жеңілдіктер әйтеуір 20 пайызды қысқарту керек деген бағытта жасалып жатқандай. Дәл осындай ақпарат біздің қолымызда бар. Ол рас па, өтірік пе – дұрыстап тексеру керек", - деді депутат.

Асхат Аймағамбетов мұнда лобби болуы мүмкін екенін баса айтты.

"Ескі көлік болса, оған салықты азайтамыз дейді. Утиль алым мәселесі болғанда бізге жеңіл көліктер жаңа болғаны жақсы деп айтты. Бұл аргумент түсінікті. Енді машина ескі болатын болса, салықты азайтамыз дейді. Оның бір-бірімен логикасы қандай? Келесі мәселе – дивидендтер төлеу. Сіздер білім беру саласына корпоративтік табыс салығын 10 пайыз қылайын деп отырсыздар. Бірақ ол коммерциялық емес ұйым болса, онда 0 пайыз болады деген. Бірақ білім беру ұйымдары өзінің алған қаражатынан дивиденд алады деген тұжырымдама сіздер айтқан нормаға қарама-қайшы келеді. Негізі егер олар үкіметтік немесе коммерциялық емес ұйым болса, олар неге дивиденд алу керек? Жалпы мектептер және осы сияқты әлеуметтік ұйымдар басқа тұрғыда жұмыс істеу керек деп ойлаймын", - деді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың сауалына ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жауап берді.

"1,3 трлн теңгенің ішінде 706 млрд теңге қаржы секторы, оның ішінде қаржы қызметі – 370 млрд теңге. Бұл түсетін таза ақша. Денсаулық, ветеринария саласы – 435 млрд теңге. Құрылыста да бюджетке түсіп отыратын қаражат. Қандай да бір ұсынысыңыз болса оны қарастыруға дайынбыз. Әлеуметтік салаға келетін болсақ, бұл бизнестің ұсынысы болды", - деді вице-министр.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзінше, тіркеу төлемдері ескі транспортты кіргізбеу үшін қолданылатын механизм. 

"Бірақ енді ауылдарды өзіңіз білесіз, ондай жүздеген мың көлік бар. Ескі "Жигули" мен "Москвичтер" әлі күнге дейін жүр. Халық оны мініп, табыс тауып жүр. Мысалы, ескі және үй бар. Бұлардың да бағасы төмен ғой. Салық салынған кезде құнына байланысты қарайды. Сондықтан біз ескі көліктер бойынша төмендетілген салықты алатын боламыз. Көбі сынып тұр, бірақ тіркеуден алынған жоқ. Істемейтін көлікке жыл сайын он мыңнан келіп тұрса, ауыртпашылық тиеді. Бұл ауыл тұрғындарының өтініші болды. Өңірлерді жүрген кезде осындай ұсыныстар түскен", - деді Ержан Біржанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу