Ең көп инвестиция тартқан өңірлер анықталды

773

Қазақстанға инвестиция тарту бойынша Шымкент қаласы, Ақтөбе мен Қостанай облыстары көш бастап тұр. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың басшылығымен өткен Инвестициялық штаб отырысынан мәлім болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ең көп инвестиция тартқан өңірлер анықталды

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Инвестициялық штаб отырысында 2021 жылы және 2022 жылдың І тоқсанында негізгі капиталға инвестициялар тарту (бұдан әрі – НКИ) бойынша нысаналы индикаторларды орындау қорытындылары қаралған. Сондай-ақ онда "Valmont Industries" компаниясының механикаландырылған суару жүйелері зауытын салу жобасын іске асыру барысы талқыланды.

Баяндама жасаған ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров өткен жылдың қорытындысы бойынша НКИ тарту жоспарларын орындауда Шымкент қаласы (жоспардан 115% – 462,1 млрд теңге), Ақтөбе облысы (жоспардан 101,8% – 815,6 млрд теңге) және Қостанай облысы (жоспардан 101,3% – 416,2 млрд теңге) көш бастағанын мәлімдеді.

Аталған көрсеткіш бойынша Солтүстік Қазақстан (жоспардан 80,4% – 331,9 млрд теңге), Батыс Қазақстан (жоспардан 69,6% – 423,7 млрд теңге) және Қызылорда (жоспардан 66,4% – 302,8 млрд теңге) облыстары – аутсайдерлер қатарында.

Мемлекеттік органдар арасында ҚР АШМ (жоспардан 108,4% – 893,3 млрд теңге), ҚР ИИДМ (жоспардан 100,3% – 6 036,7 млрд теңге) және ҚР ЦДИАӨМ (жоспардан 98,7% – 235,8 млрд теңге) көш басында тұр. Жоспар ҚР МСМ-де (жоспардан 62,8% – 566,6 млрд теңге) және ҚР ДСМ-де (жоспардан 49,3% – 198,7 млрд теңге) орындалмаған.

Өңірлер мен ведомстволар бойынша өзге де баяндамашыларды тыңдаған Әлихан Смайылов жаңа экономикалық сын-тегеуріндер тек тәуекелдерді ғана емес, сондай-ақ дамуға да мүмкіндіктер ұсынатынын, сондықтан барлық өңірлер мен мемлекеттік органдардың басшылығы осы бағытта жұмысты жандандыруы қажет екенін атап өтті.

"Біз мемлекеттік органдарда мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуде белгілі бір сын-тегеуріндер бар екенін көріп отырмыз. Артта қалған орталық мемлекеттік органдар мен өңірлер бұл мәселеге назар аударуы керек. Негізгі капиталға инвестиция тарту жұмысын жандандыруды және осы мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Министрлер мен әкімдер бұған тікелей жауапты", – деді ҚР Премьер-Министрі.

Екінші мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады.

Қазақстанда "Valmont Industries" компаниясының машиналар өндірісін дамыту фермерлерге сапалы жабдықты қолжетімді етеді және тиісті ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының дамуына түрткі болады. Премьер-Министр жобамен егжей-тегжейлі танысқаннан кейін мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қосымша сараптама жүргізуді және тараптардың міндеттемелерін ескере отырып, оны іске асырудың негізділігін растауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу