Енді ғылыми атағы бар ғалымдар қосымша ақы алатын болады

233

Ғылым кандидаты дәрежесі және қауымдастырылған профессор атағы үшін – 93 мың теңге, ал доктор дәрежесі үшін 185 мың теңге қосымша ақы алатын болады.

Енді ғылыми атағы бар ғалымдар қосымша ақы алатын болады Фото: Pixabay.com

Сенат Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заңның негізгі мақсаты – ғылым және білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру.

"Құжат ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруды, ғалымдар үшін әлеуметтік кепілдіктерді жақсартуды және ғылымдағы қаржы ресурстарын пайдалануды оңтайландыруға бағытталған механизмдерді енгізуді, сондай-ақ мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтарымызға білім алуда бірқатар жеңілдіктер беруді көздейді. Атап айтқанда, заңда бірқатар жаңа өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған. Біріншіден, жергілікті атқарушы органдарға ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру құқығын беру арқылы, өңірде ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды ұйымдастыру және іске асыру бойынша құзыреттер беріледі", - деді сенатор. 

Екіншіден, мемлекеттік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысатын педагогтарға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми қызметкерлерге – ғылыми атағы үшін 25 еселенген АЕК-ке дейін және "профессор" – ғылыми атағы үшін 50 еселенген АЕК-ке дейін қосымша ақы белгілеу ұсынылып отыр, деп жалғастырды ол. Қазір бұл сәйкесінше 17 және 34 АЕК болып белгіленген.

"Яғни, ғылым кандидаты дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін – 93 мың теңге, ал бейіні бойынша доктор дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін – 185 мың теңге қосымша ақы алатын болады. Сонымен қатар, ЖОО-ларда және ғылыми ұйымдарда бес жылдан кем емес жұмыс істейтін ғалымдар үшін ғылыми, ғылыми-педагогикалық және ғылыми-техникалық сипаттағы жұмыстарды аяқтау үшін орташа жалақысын сақтай отырып, 1 жылға дейін шығармашылық демалыс алуға құқық беріледі. Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларының тиімді орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жобаның ғылыми басшысына күнтізбелік жылға бекітілген жалпы көлем шеңберінде қаражатты шығындар баптары арасында қайта бөлу құқығы қарастырылған", - деді Талғат Жүнісов.

Заңмен "ғылыми әдеп" ұғымы енгізіледі.

"Үшіншіден, Қазақстан Республикасы азаматтарының мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде өткізілетін конкурстық іріктеу негізінде, мерзімді әскери қызметтен шығарылған күннен бастап 1 жыл ішінде жоғары әскери және арнаулы, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарына түсуге жеңілдіктер беру, сондай-ақ алғашқы жылы жатақханадан орын алуға басым құқық беру көзделеді", - деп атап өтті спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу