Енді жылжымайтын мүліктің техникалық төлқұжатын онлайн алуға болады

901

Жоба іске қосылған бірнеше күннің ішінде аталған құжаттың электронды нұсқасын алуға 100-ден аса өтініш келіп түскен.

Енді жылжымайтын мүліктің техникалық төлқұжатын онлайн алуға болады

Жылжымайтын мүлік иелері бұдан былай пәтер, жатақхана бөлмелері мен саяжайдың техникалық құжатын онлайн рәсімдей алады. Цифрлық жаңашылдықты "Азаматтарға арналған үкімет" пен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ жүзеге асырып отыр.

"ХҚО-ға бармай-ақ, құжатты алудың онлайн баламасы мүлік иелерінің
уақыты мен қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұған дейін жылжымайтын мүліктің
құжатын алу үшін ХҚО-ға барып, қағаз жүзінде өтініш беру керек еді. Кейін мүлік иесі дайын болған құжатты алу үшін қайтадан халыққа қызмет көрсету орталығына баратын", – дейді "Азаматтарға арналған үкіметтің" басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.

Енді техникалық құжатқа онлайн өтініш беріп, дайын үлгісін электронды
үкімет порталы арқылы жүктеп алуға болады. Ол үшін жылжымайтын мүлік иесінің ЭЦҚ-сы
мен нысан құжаттарының (сату-сатып алу келісімшарты, сыйға беру шарты, жекешелендіру шарты, сот шешімі және т.б.) сканерленген нұсқасы болуы керек. Кейін жылжымайтын мүлік иесі электронды құжаттың келгенін жеке кабинетінен көре алады. Жоба іске қосылған бірнеше күннің ішінде онлайн түрде 100-ден аса өтініш келіп түскен.

Айта кетейік, жеке кабинетке келген электронды техтөлқұжатты жүктеп алу үшін
жылжымайтын мүлік иесі қызметтің нақты құнының айырмасын төлегені туралы
түбіртекті қоса көрсетуге тиіс. Тек содан кейін ғана қызмет көрсетушіге арнайы 
хабарлама жіберіліп, техникалық төлқұжатты көшіріп алуға рұқсат беріледі. Оның электронды үлгісінің күші ХҚО-да мөр басылып берілетін төлқұжатпен тең. Жылжымайтын мүлік төлқұжатын электронды түрде әзірге Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының тұрғындары ала алады. Пилоттық жоба 2020 жылдың ақпанына дейін жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу