Ол үшін стратегиялық инвестициялар, институционалдық реформалар, ғылыми‑техникалық даму және халықаралық серіктестік ескерілетін кешенді энергетикалық модель құру қажет, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сарапшылар тұрақты, қауіпсіз және жоғары технологиялық экономика құрған елдің қай салада болмасын, мүмкіндігі мол екенін айтады. Осы орайдай, біз "Азаматтық интеллект пен қоғамдық инновацияларды дамыту институты" қоғамдық қорының директоры Нұрлан Көптілеуовті әңгімеге тартқан едік. Кейіпкеріміздің сөзінше, ұлттық энергетикалық саясат теңгерімді және инновациялық болуы керек.
– Қазақстанның экономикалық және энергетикалық даму траекториясы XXI ғасырда түбегейлі реформалар мен стратегиялық трансформациядан өтуде. Климаттық саясат, декарбонизация, энергия тиімділігі және технологиялық жаңғырту – бұл факторлар қазіргі заманның ең маңызды мемлекеттік даму бағыттарына айналып отыр. Бұл шындық Қазақстан үшін ерекше маңызға ие, себебі еліміздің энергетикалық жүйесі тарихи түрде көмір мен мұнай‑газға негізделген. Алайда әлемдік трендтер көрсетіп отырғандай, ұлттық энергетикалық саясат теңгерімді және инновациялық болуы тиіс. Бұл талап жасыл экономикаға көшу, энергетикалық әртараптандыру және жаңа технологиялар енгізуді талап етеді, – деді ол.
Шыны керек, Қазақстанда жасыл экономикаға көшу 2013 жылы қабылданған "Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы" арқылы институционалдық түрде бекітілді. Бұл мақсат – табиғи ресурстарды рационалды түрде пайдаланудың тиімді жүйесін қалыптастырып, экономикалық өсумен экологиялық тұрақтылықты үйлестіру. Тұжырымдама энергия тиімділігін арттыру, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ұлғайту, қалдықтарды басқару, "циркулярлық экономика" қағидаларын енгізу сияқты кешенді бағыттарды қамтиды.
Нұрлан Болатұлының пікірінше, еліміз 10 жыл бұрын-ақ жаһандық климатта өз орнын айшықтап үлгерді.
– 2015 жылдан бастап Қазақстан халықаралық климаттық саясатта да белсенді рөл атқара бастады. Ел Париж климаттық келісіміне қосылып, климаттық өзгерістерге қарсы халықаралық күш‑жігерге үлесін қосты. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу міндетін жариялады. Бұл міндетке қол жеткізу үшін ұлттық энергетикалық жүйені реформалау – энергия тиімділігін жақсарту, экономиканың энергия интенсивтілігін төмендету және экологиялық стандарттарды енгізу арқылы жүйелі түрде жүзеге асуы керек.
Жасыл экономика концепциясы жаңартылатын энергия көздерімен ғана шектелмейді. Бұл – тұтас эко‑инфрақұрылымдық және инновациялық даму моделі. Қазақстанда соңғы 5-7 жылда энергия тиімді инфрақұрылымды құру, жасыл құрылыс стандарттарын енгізу, экологиялық ағарту жобаларын іске асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, елімізде энергия тиімділігін арттыру бағдарламасы бойынша 2030 жылға дейін энергия шығынын 15-20%-ға төмендету жоспарлануда.
Сонымен қатар, қалдықтарды қайта өңдеу және циркулярлық экономика саласында 2023-2025 жылдар аралығында 6,4% өсім байқалды. Бұл – жасыл экономиканың экономикалық сектор ретінде қарқынды дамып отырғанының айқын дәлелі, – деді "Азаматтық интеллект пен қоғамдық инновацияларды дамыту институты" ҚҚ-ның директоры.
Сарапшының сөзінше, бұл бағыттағы институционалдық кедергілер де жоқ емес. Соның бірі – "Жасыл даму" сияқты кейбір даму институттарының экономикаға қажетті серпін бере алмауы. Бұл мәселені шешу үшін инвестициялық механизмдерді жетілдіру, ғылыми‑заттық зерттеулерді ынталандыру, жобаларға қаржылық кепілдіктер мен салықтық жеңілдіктер енгізу қажет. Осы шаралар жасыл экономика элементтеріне инвестиция тартудың тиімділігін айтарлықтай арттыра түспек.
– Энергетикалық саясат тек жаңартылатын энергия көздеріне сүйенбеуі тиіс. Қазақстанның көмір қоры бойынша әлеуеті жоғары: шамамен 210 млрд тонна көмір қоры бар, ол еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін ұзақ мерзім қамтамасыз етуге қабілетті, – деді Нұрлан Көптілеуов.
Сон себепті, Мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Тоқаев көмір энергетикасын жаңа технологиялар арқылы экологиялық тұрғыдан жаңғырту міндетін қойған еді. Мұнан өзге Үкіметке "таза көмір" технологияларын енгізу және дамытуға арналған ұлттық бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл тәсіл парниктік газдардың шығарындыларын азайту, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Халықаралық тәжірибе, әсіресе Қытайдағы "таза көмір" технологиялары, бұл мақсаттарға қол жеткізуде жоғары тиімділік көрсетіп келеді.