Ербол Қарашөкеев: Қант өндірісін 7 есеге ұлғайту күтілуде

683

Ербол Қарашөкеев азық-түлік қауіпсіздігі бойынша кеңес өткізді.

Ербол Қарашөкеев: Қант өндірісін 7 есеге ұлғайту күтілуде

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге қаржылай қолдау көрсетумен айналысатын қаржы институттарының басшылығымен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше, бүгінгі күні 2022-2025 жылдар аралығына АӨК-тің 559 инвестициялық жобадан тұратын, жалпы сомасы 2,2 трлн теңгенің пулы анықталды.

"Импортты алмастырудың бес бағытының әрқайсысы бойынша 800 миллиард теңгеге жуық сомаға 127 инвестициялық жобаны іске асыруға ерекше назар аудару қажет, өйткені бұл қосымша шамамен 14 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді", – деді министр.

Оның айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, ішкі нарықтың азық-түлік тауарларының 29 негізгі түрі бойынша қамтамасыз етілуі, оның ішінде отандық өндіріс есебінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 19 түрі 80 және одан да көп пайызды құрап отыр.

Атап айтқанда, 11 тауар позициясы бойынша ішкі нарық 100% және одан да көп қамтамасыз етілген (нан, макарон, сүт, картоп, қияр, күріш, қой еті, тауық жұмыртқасы, бидай ұны, қарақұмық жармасы, тұз), 12 тауар позициясы бойынша қамтамасыз ету 80% және одан да көп (қызанақ, сәбіз, қырыққабат, пияз,қырыққабат, бұрыш, қызылша, сиыр еті, жылқы еті, шошқа еті, сүт өнімдері, май, күнбағыс майы).

Сонымен қатар алма (73,7%), құс еті (65,4%), шұжық өнімдері (56,4%), ірімшік және сүзбе (56%), қант (42,6%) құрайды.

2025 жылдың соңына дейін Қазақстанда 24 ет комбинатын іске қосу, 8,2 мың гектар аумаққа бақша салу бойынша 22 жоба, 20 сүт өңдеу зауытын іске қосу, 23 құс фабрикасын салу және кеңейту, жаңғырту бойынша 2 жоба және 1 қант зауытын салу жоспарланып отыр. 

"Қант саласындағы жағдайға жеке тоқталғым келеді. Жыл сайын республикадағы қанттың тұтыну көлемі шамамен 532 мың тоннаны құрайды, оның ішінде 7%-ы отандық шикізат есебінен жабылып отыр. Бұл өндірістің ұсақ тауарлы болуына, суаруға арналған судың жетіспеуіне және қант қызылшасын өсіру кезіндегі қол еңбегіне, қант зауыттарының тозуы мен ресейлік өндірушілер тарапынан бағаның демпингіне байланысты болып отыр", – деді Қарашөкеев.

Бұған қоса, ол сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу, егіс алқаптарын 14,5 мың гектардан 38 мың гектарға дейін кеңейту, техникалық жабдықтау, сондай-ақ саланың инфрақұрылымын дамыта отырып, қант зауытын жаңғырту және салу жөніндегі жобаларды іске қосу есебінен жалпы өнім жинауды 332 мың тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайту күтіліп отырғанын атап өтті.

"Демек қант өндірісін 7 есеге – 254 мың тоннаға дейін ұлғайту, қант импортын 32% төмендету күтілуде, бұл ішкі нарықтың отандық өндірістегі қантпен қамтамасыз етілуін 7%-дан 43%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді", – деп қосты министр. 

Ол сондай-ақ Президенттің кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын ескере отырып, бірқатар бағыттар бойынша жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтті.

"Бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ қаржы институттарының АӨК жобаларын қаржыландыруға мүдделілігі әлсіз екенін жеке атап өткім келеді. Атап айтқанда, 2021 жылы іске асырылған 285 АӨК жобасының шамамен 280-290 млрд теңге сомасына қаржы институттарынан тартылған қаражат көлемі 40%-дан аспайды", – деп қорытындылады Ербол Қарашөкеев.

Айта кетейік, кездесуге "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ, "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ, "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ, "ҚазАгроҚаржы" АҚ, "Қазақ Инвест" ҰК" АҚ, "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ өкілдері қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу