Алайда сарапшылар бір жыл бұрын айтылған ойларынан таймай, Түркия президенті халықтың назарын елінің ішкі мәселерінен "сыртқы жаумен күреске" аударып, көзбояушылықпен айналысып отыр деген ойда, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Танымал түркітанушы Рубен Сафрастян Түркияның қазір Израильге басып кіруге нақты мүмкіндігі жоқ екенін алға тартады. Анкара еврей мемлекетіне қарсы гибридті соғыс құралдарымен мақтана алмайды. Ердоған өз азаматтарының назарын елдегі күрделі экономикалық мәселелерден алшақтату үшін үркіту мен күш көрсету амалын жиі қолданады. Осыған байланысты Сафрастян Түркияның экономикасы мен қаржы жүйесі әбден тұрақсызданғанын және ішкі саяси тәуекелдерді азайту үшін ел басшылығына сыртқы жаудың бейнесі қажет екенін атап өтті.
Ердоғанның сыртқы саяси риторикасы дәстүрлі түрде Анкара төңірегінде ислам әлемін біріктіруге және ислам құндылықтарын қорғаушы ретінде Түркияның бейнесін жасауға бағытталған. Түркияның Израиль-Палестина қақтығысына әскери жолмен араласпауының тағы бір себебі – АҚШ-тың ықпалы. Түркия мен Израиль – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ұзақ мерзімді серіктестері мен одақтастары және Анкара бұл факторды елемей қала алмайды.
"Ислам әлемінде дипломатиялық демарштар мен наразылықтар болады, бірақ құр сөзден асып, нақты іске көше алмайды", – деген сенімде Сафрастян.
Сонымен қатар, Газа секторындағы жалғасып жатқан соғыс жағдайында сауда байланыстарының ресми үзілуіне қарамастан, Түркия кейбір мәліметтер бойынша Израильге бірқатар маңызды тауарларды, соның ішінде шикізатты жеткізуді жалғастыруда. Оған қоса Түркияның жылдан-жылға Израильмен алыс-беріс мөлшерін арттырып жатқанын да назардан тыс қалдыруға болмайтынын еске саламыз (қазір көрсеткіш – 8 млрд доллар).
Түркия, тіпті, Израиль Газаға қарсы "Теңіз бризі" операциясын жүргізіп, дипломатилық байланыстың күрделенген 2010 жылдары сауда-саттықты тоқтатпаған. Қазір де халықтың наразылығына қарамастан, түріктер Әзербайжаннан (Әзербайжан мен Қазақстан мұнайы Израильге келетін мұнайдың 60%-ын құрайды) Израильге мұнай жеткізетін Джейхан портын жапқан жоқ, бірақ ел алдында Палестинаға бірінші қолдау білдіргендей болды. Бұл түрік қауіптерінің нақты маңыздылығын жақсы көрсетеді, деп атап өтті ол.
Шығыстанушы Анкара мен Тель-Авив арасындағы дұшпандық риториканың күшеюіне қарамастан, Түркияның стратегиялық одақтасы Әзербайжан Израильмен тығыз қарым-қатынасты жалғастыруда. Ең ірі Закавказье Республикасы Израильге энергия жеткізеді және олардан көп мөлшерде қару сатып алады (Қарабақ шайқасында дәл осы Израиль қару-жарақпен көмек көрсеткен – ред.).
Палестинаны жақтайтын "үлкен ағадан" айырмашылығы, Әзербайжан исламдық ынтымақтастықты көрсетуге асықпайды және Хамастың шабуылын айыптаған жалғыз ел. Политтехнолог Дина Шайхисламның айуынша, оның да бірнеше себебі бар. Олар баяғыдан ауыз жаласқан серіктес елдер. Біріншіден, Израиль Әзербайжан мұнайының басты импортерлерінің бірі (Еуропалан кейінгі екінші), екіншіден, әсіре, Қарабақ шайқасы кезінде Әзербайжан Түркия мен Израильдің арқасында өз әскерін күшейте алды (Израиль Әзербайжанға қару-жарақ жібереді), ал үшіншіден, Палестина кеңес заманынан (Қарабақ шайқасына да қатысты) Арменияны қолдап келді. Осы жерде Палестина автономиясының бұрынғы Президенті Ясир Арафаттың: "Біз бен армяндар – бір халық" деген танымал сөзі ойға оралады. Оған қоса Әзербайжан Иранмен үнемі қырылысатынын ескерсек (Иран үнемі еврейлерді жақтаушы Әзербайжанды құртамын деп қорқытады), Әзербайжан мен Израильдің достығына еш күмән келтіре алмаймыз.
Сол Әзербайжанның қоштауымен орнатылған Түркия мен Израиль байланысы одан әрі дамып, екі ел Израильдегі "Левиафан" атты ірі газ орнын бірге игеруді, Түркиядан Еуропаға өтетін газ құбырын салуды сөз ете бастаған. Осы айда Түркия Энергетика министрі Байрактар осы мәселені шешу үшін Израильге сапар шегуі керек еді. Яғни Израиль аймақта үстемдігін орнатып, ең ірі газ өндіруші атағаны ие болуды көздеді, тіпті, араб елдерінің мұнай нарығындағы ықпалына қарсы күшке айналғысы келді. Оған қоса, Израиль газы Еуроодақ пен Түркияны ресейлік газ шырмауынан босатар еді. Сондықтан Ердоған қазір "былай тартсам, өгіз өледі, бұлай тартсам арба сынады" күйін кешіп отыр. Ол Израильді қолдауға бар, бірақ оған дауыс берген халық еврейсүйгіш әзербайжандар емес, мұсылман бауырлары үшін жаны ашитын түріктер.
Сонымен қатар, Рубен Сафрастян Түркия Әзербайжанға Израильмен қарым-қатынас деңгейін төмендетуге қысым жасамайды деп санайды, өйткені ол оңтүстік Кавказдағы одақтасын әлсіретуге мүдделі емес.
Түркия Израильге "Ливия мен Қарабаққа кіргендей" кіре алады, деді Ердоған өткен жексенбіде. "Біз Қарабақ пен Ливияға қалай кірсек, Израильмен де дәл солай істей аламыз", – деп ескертті ол Израильдің Палестинаға қатысты саясатына жауап ретінде.
Израиль СІМ басшысы Исраэль Кац жауап ретінде түрік көшбасшысы 1979 жылдан 2003 жылға дейін Иракты басқарған және 2006 жылы өлім жазасына кесілген Саддам Хусейннің тағдырын қайталайтынын ашық айтты.
"Ердоған Саддам Хусейннің ізімен жүріп, Израильге шабуыл жасаймын деп қорқытуға көшті. Ирак басшысымен ақыр аяғында не болғанын еске түсірейік", – деп жазды Катц Х әлеуметтік желісінде.