Елімізде жас мамандарды тартып, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бұрыннан бері "Елорда жастары", "Алматы жастары", "Абай жастары", "Сыр жастары" сынды тұрғын үй алудың жеңілдетілген бағдарламалары жүзеге асып келеді. Павлодар облысының жастары да тиімді талаптармен пәтер алудың амалын көп күтті. Жылдар бойы күткен сәт енді ғана жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, Павлодар облысында 754 мың көлемінде адам тұрса, оның 130 мыңнан астамы – жастар. Оның 90 мыңға жуығы - Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының азаматтары. Өкінішке қарай, бұл жастардың қанша пайызы өз үйінде тұрып жатқаны туралы нақты статистика жоқ. Мұндай есеп жасалар болса, басым бөлігінің туыс-туғандарының үйін паналап, жалдамалы пәтерлерді жағалап жүргені белгілі болары сөзсіз.
Сол өз үйіне қол жеткізе алмай жүрген жастардың несібесі ретінде "Ертіс жастары" өңірлік бағдарламасы қолға алынды. Негіз бұл жоба осыдан екі-үш жыл бұрын ойластырылған еді. Тіпті, кейбір жоспарларда "2023 жылы іске қосылады" деп көрсетілгені есімізде. Алайда нағыз "піскен" уақыты енді туып отыр. Мұндай сүйінші хабарды естіген жастардың қуанып қалғаны да рас.
"Шыны керек, бүгінде жас отбасылардың үй алуы қиын. Басқасын былай қойғанда, екінші деңгейлі банктерден несие ресімдеудің өзі оңай емес. Аз айлықпен пәтер жалдап жүрген жас отбасылардың бастапқы жарна жинайтын мүмкіндігі бола бермейді. Ата-ананың, ағайын-туыстың көмегімен әупірімдеп жүріп жинағанның өзінде көп жағдайда жалақының төмен болуы салдарынан ипотекалық өтініш мақұлданбай жатады. Қазір әйелім декреттік демалыста болғандықтан, менің 200 мың теңгеден асатын айлығым екеуімізге және үш баламызға бөлінеді. Тұтынушылық несиелеріміздің ай сайынғы төлемі де ескеріледі. Осылардың барлығын есептеген банк өкілдері бірнеше рет бетімізді қайтарды. Ал "Ертіс жастары" бағдарламасы жұмыс істеп жүрген жас отбасыларға жақсы мүмкіндік болмақ. Бастапқы жарнасы да, пайызы да төмен екен", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Мақсат Ермекбаев.
Иә, жергілікті билік пен "Отбасы банк" АҚ бірлесіп бастаған бұл жобаның шарттары басқа банктердің талаптарынан едәуір жеңіл. Пәтер бағасының 10%-ын бастапқы жарна ретінде жинаса, 18 млн теңгеге дейінгі ипотекалық несиені 19 жылға дейін ресімдеуге мүмкіндік бар. Бұл ретте жылдық пайыздық мөлшерлеме 5% болады.
"Жеңілдетілген тұрғын үй несиесі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, әлеуметтік сала, БАҚ, университет немесе ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейтін, өзінің және отбасы мүшелерінің атында пәтері жоқ, соңғы екі жылда қалада тұрақты тіркеуде тұрған, кемінде бір жылдық еңбек өтілі бар, 35 жасқа дейінгі тұрғындарға арналған. Бұл ретте отбасының әрбір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 6 деңгейінен аспауы керек. Биыл оның көлемі - 43 407 теңге", - дейді Павлодар қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Кенжегүл Жолжақсынова.
Бір "әттеген-айы" - бағдарлама аясында қарастырылып отырған несиелердің саны аз. Әкімдік пен банктен бөлінген 691 млн теңгеге шамамен 40 үй ғана алуға болады. Ал өтініш басталған алғашқы екі күннің өзінде 108 өтініш түсіп үлгерген. Арнайы құрылған комиссия әр өтінішті мұқият қарап, балдық жүйе бойынша бағалайды. Айталық, таңдаған мамандығы бойынша атқарған еңбек өтілінің әр жылы үшін 2 балл, әр балаға тағы 2 балл, ресми тіркелген некенің әр жылы үшін 1 балл беріледі. Ең жоғары ұпай жинаған отбасылар "Ертіс жастары" бағдарламасының қатысушысы атанып, жеңілдетілген талаппен ипотека ала алады.
"Таныстарымнан 40-қа жуық пәтердің ғана қарастырылғанын естідім. Бағдарламаға шамамен 10 саланың өкілдері қатыса алады десек, әр салаға орта есеппен 3-4 пәтер бұйырады екен. Бұл өте аз. Білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау сынды маңызды салаларда жұмыс істеп жүрген жастар көп. Несиелердің саны осыны ескере отырып көбейсе екен дейміз. Не болмаса, бағдарлама бірретік болып шектеліп қалмай, өтініштер тым құрығанда жылына екі-үш рет қабылданар болса, тиімді талаптар ипотека ресімдейтін мүмкіндік те арта түсер еді", - дейді тағы бір тұрғын Арайлым Сүлейменова.
Мұндай өтініштің "жаны" бар. 40 несие – теңізге тамған тамшыдай. Ол үйсіз жүрген жас отбасылардың мәселесін шеше қоймасы анық. Дей тұрғанмен, сең қозғалып, бұл бағытқа қаржы қарастырылғанының өзі қуантады. Ендігі ретте бұл қаражат көлемі көбейсе, маңызды салаларда еңбектеніп жүрген жастардың әлеуметтік жағдайы оңала түсер еді.