Ет өңдеушілер ірі қара экспортына салынған тыйымды қолдайды, ал фермелер қарсы болып отыр

594

Ұлттық палатада ірі қара мал экспортына шектеу мәселесі талқыланды.

Ет өңдеушілер ірі қара экспортына салынған тыйымды қолдайды, ал фермелер қарсы болып отыр

Елдегі фермерлер мал экспортына тыйымға қарсы, ал ет өңдеушілер экспортқа тыйымды қолдайды. Бірқатар фермер "Атамекен" Ұлттық палатасына Ауыл шаруашылығы министрлігі енгізген тыйымды тоқтатуды сұрап жүгінген. Сол себепті Ұлттық палата тараптар мен мемлекеттік орган өкілдерін жинап, мәселені талқылау алаңын ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға еліміздің барлық өңірінен 90-ға жуық фермер мен ет өңдеушілер, АШМ және Ұлттық палата филиалдарының өкілдері қатысты.

Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеев шаруаларды алаңдатып отырған проблеманы атап, екі тараптың да пікірін саралауды ұсынды.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай министрліктің позициясына тоқталды. Ведомство өкілі қазіргі экспорт мөлшерін реттеуді ұсынды. Сондай-ақ ол 2022 жылдың бірінші жартысында ірі қара мал экспорты өткен жылдың осы кезеңімен бірдей болып тұрғанын атап өтті.

"Министрлік ретінде 30 мың бас ірі қара мал, 60 мың бас ұсақ мал экспорттауды ұсындық. Біздің позициямыз сондай болып отыр. Дегенмен қазір ірі қара мал экспортына шектеу бар. Экспортшылардың мақсаты көбірек ақша табу, ал өңдеушілер ішкі ресурстардың есебінен шикізатты емес, өңделген етті сатайық дегенді ұсынады... Сол себепті экспорт болса, онда оның мөлшері қандай болу керек дегенді талқылағымыз келеді. Бірақ біз фермерлерді немесе ет өңдеушілерді – бір жақты қолдаймыз деген жоқ", – деді вице-министр.

Әрі қарай өңдеушілер мен фермерлер пікірін білдірді.

Қостанай облысындағы BEEF EXPORT GROUP ЖШС өкілі Александр Пархоменко ірі қараның экспортына тыйымды жалғастыруды ұсынды. Яғни ол мал экспортына қарсы екенін жеткізді.

"Қазір біз ірі және ұсақ фермерлерден малды ет өңдеу зауытына дейін тегін әкеліп, сатып алып жатырмыз. Егер біз шикізатты сыртқа сатсақ, онда дайын өнімді сырттан сатып алуға мәжбүр болып қаламыз", – деді Александр Пархоменко.

Пархоменко қазір ірі қараны келісіне 1,1 мың теңгеден сатып алатынын, ал Өзбекстанға 4,5-4,8 доллардан (2,1-2,3 мың теңгеден) экспорттайтынын айтты. Алайда ірі қара мал өсірушілер бұл бағаның шындыққа жанаспайтынын алға тартты. Олардың айтуынша, ет өңдеушілер шикізатты 700-850 теңге аралығында сатып алады. Яғни елдегі ет өңдеушілер мал етін өте арзан алады және көп алмайды.

Салдарынан мал шаруашылығын тоқтатып жатқан кәсіпкерлер көп. Қызылордалық кәсіпкер Нұрлан Тоқсанбайұлы өңірде ет өңдейтін өнеркәсіп те жоқ екенін айтса, Фермерлер одағының ШҚО-дағы өкілі Серік Байғалиев экспорт мен импорт көлеміндегі баланс керек деген ұсыныс білдірді.

Оның сөзінше, АШМ экспортқа шығатын мал санына шектеу қойса, онда әр ауыл өзінің қанша мал экспорттай алатынын білуі керек.

"Жалпы фермерлерге ешқандай шектеу болмауы керек. Ел бойынша барлық фермердің экспортқа жіберетін көлемін анықтауымыз керек. Облыс ауданнан, аудан ауылдық округтен, ауылдар шаруалардан санын сұрап алса, белгілі бір мөлшер шығады... Егер ет өңдеушілер тиімді баға ұсынса, онда ешкім малды экспортқа шығармайды. Бұл – нарық. Пайда қайда болса, кәсіпкер сонда барады", – деді Серік Байғалиев.

Ақмола облысы Атбасар ауданындағы мал өсіруші Данияр Мұқышев та қазіргі таңдағы нарықтық заманды ескере отырып, экспортқа шектеу қоймау керек деген пікір білдірді. Сонымен қатар АӨК саласындағы сарапшы Кирилл Павлов әр аймақтың етке деген сұранысы мен ұсынысын есептеу керегін жеткізді.

СҚО шаруасы Арсен Исламов экспортқа тыйым сала отырып, осы уақытқа дейін жолға қойылған жүйе жойылатынын айтса, фермер Азамат Орынбаев егер елдегі ветеринария жақсармаса, малсыз да, етсіз де қалатынымызды атап өтті.

Ұлттық палата өкілі Ербол Есенеев жиынды қорытындылай келе, бірқатар ұсынысты ведомствоаралық комиссияның қарауына шығаратынын жеткізді. Ол ет өңдеушілердің де, фермерлердің де уәжін есепке алып, екі жаққа да тиімді шешім шығаруды ұсынды.

"Ең алдымен, отандық ет өңдеушілерге қажетті шикізаттың көлемін анықтау керек. Екінші маңызды сұрақ – контрабанда. Шектеу болғанына қарамастан, кейбір өңірде, мысалы Түркістанда ірі малды заңсыз экспорттаған жағдай тіркелді. Квота көлемін де қайта есептеу керек. Осы және басқа ескертпелерді назарға алып, ВАК талқылауына шығарайық", – деп қорытындылады жиынды Ербол Есенеев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу