Мақсат Толықбай: Қазақстан – "астық державасы" деп жаһанға жар салғанда мықтымыз

317

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай шаруалардың проблемасын көтеріп, астық экспорттауға берілетін субсидияның ашықтығына алаңдаушылық танытты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мақсат Толықбай: Қазақстан – "астық державасы" деп жаһанға жар салғанда мықтымыз Фото: parlam.kz

"Қазақстан – "астық державасы" деп жаһанға жар салғанда мықтымыз. Бірақ сол астықты ала жаздай табан ет, маңдай терімен бағып-қағатын жүздеген диқан нақты қолдау күтіп отыр. Үкіметтің жақын күндері шыққан қаулысына қарасақ, субсидия енді астықты Қара теңіз бен Балтық теңізіндегі порттарға жеткізетін санаулы экспорттаушыға ғана берілмек. Еуропа, Африкаға дейін жеткіземіз деп әлекпіз. Нақтырақ айтқанда, әр тоннаға 20 мың теңгеден. Әрине, бұл да қолдаудың бір түрі. Алайда, таразының бір басында мыңдаған шаруалардың шаруасы шатқаяқтап тұрса, таразының екінші басында тұрған ондаған адамның ғана маңдайы шалқып жүрмей ме деген күмән бар", – деді ол.

Халық қалаулысы Үкімет басшысына Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі бола отырып экспортты субсидиялауға құқымыз бар ма деген сауал жолдады.

"Астықты экспорттауға арналған қаражатты "KTZ Express" АҚ деп аталатын бір ғана оператор жүзеге асырады. Оның жұмысы қаншалықты ашық болады? Нақты механизмін көре алмадық. Айналып келгенде, шаруалардың мүддесі еленбей, лоббистердің құлқынын қанағаттандырып жүрмейміз бе? Себебі, миллиардтаған қаржыны қазақтың бидайын өздері ғана сыртқа шығарып сататын пысықайларға бере салып, бұның астарында сыбайлас жемқорлыққа жол ашу жатқан жоқ па деген ой қылаң береді. Ашығын айтқанда, субсидияның басым бөлігі ресейлік компанияларға, Ресей мемлекеттік теміржолы компаниясының қызметін төлеуге кетеді. Осы жағына мән берсеңіз", – дейді Мақсат Толықбай.

Одан әрі депутат салалық министрліктің үш жылдық жоспарын қарап отырып, астықты өңдеу бойынша ауыз толтырып айтатындай бірде-бір жоба көрмегенін айтты.

"Президенттің берген тапсырмасы бар. "Бәйтерек" қаражат дайындап отыр. Біздің астыққа қызығушлық танытатын инвесторлар да жоқ емес. Зауыттар салуға не кедергі? Сондықтан астықты экспорттауға қарастырылған қаражаттан бөлек, отандық шаруаларды қолдаудың дұрыс тетігін табуды ұсынамын. Орталық Азия мен Қытай нарығы жыл сайын қосымша 2 миллион тоннаға дейін дайын өнімді қабылдауға дайын. Бұл дегеніміз, шикізат түрінде 5 миллион тонна астықты сатқаннан түсетін кіріспен тең. Сондай-ақ ет, сүт, жұмыртқа бағасының 70 пайызы жемшөптің құнына тәуелді. Субсидияны астықты өңдегендерге көбірек берсек, фермерлер арзан жемшөптен таршылық көрмейтін еді. Қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады", – деген ұсыныс айтты ол.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты астық қоймаларын салу мәселесін көтерді.

"Шаруалар жылда астығын өткізетін элеватор таппай шулайды. Ал министрлік сақтайтын орын көп деп мәлімет береді. Проблама неде? Элеваторлардың алыстығында, кәсіпкерлер шалғайға тасымалдағысы келмейді, әр шақырым қосымша шығын екенін білесіздер. Сондықтан ірі қоймалар қырманға жақын маңнан салынып, ел аумағы бойынша сақтау қоймаларға ашық ревизия жасалса дейміз", – деп түйіндеді халық қалаулысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу