Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін 3 жылдан астам уақыт өткенде Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі қайта осал күйге түсіп отыр.
АҚШ-тан импортталған табиғи газ 2022-2023 жылдардағы энергетикалық дағдарыс кезінде Ресейдің көгілдір отынынан бас тартқан "Қарт құрлықта" газ тапшылығын жабуға жәрдемдесті.
Бірақ президент Дональд Трамп Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропамен қалыптасқан қатынастарды теңселтіп, энергияны сауда келіссөздерінде қысым жасайтын тетік ретінде пайдалануы ғажап емес.
Осындай шақта Еуропа одағының ірі компаниялары бір жыл бұрын адамның ойына келмейтін жайттарды қозғай бастады. Мысалы, Ресей газын, соның ішінде "Газпромның" отынын қайта импорттауға кірісу мәселесі.
Естеріңізге сала кетсек, Ресейдің Украинаға соғыс ашуы Еуропа одағын 2027 жылға дейін Ресейдің энергетикалық ресурстарынан мүлде бас тартуға уәде беруге мәжбүрледі. Енді бұл саясатты түбегейлі өзгертуге тура келуі мүмкін.
Еуропаның мүмкіншіліктері шектеулі. Қатардың сұйытылған табиғи газ компаниясымен қосымша импорт туралы келіссөздер тығырыққа тіреліп отыр. Әрине, жасыл энергияны енгізу жұмыстары жеделдетіліп жатқанымен, бұл шаруа Еуропа одағы өзін қауіпсіз сезінетіндей жағдайда жылдам жүзеге асып жатқан жоқ.
"Егер Украинада тұрақты бейбітшілік орнаса, Ресейден жылына 60 миллиард текше метр, мүмкін 70 миллиард импорттауға оралар едік, соның ішінде сұйытылған табиғи газ да бар", – дейді француздың Engie компаниясының атқарушы вице-президенті Дидье Олло "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.
Француз мемлекеті Engie кәсіпорнына жартылай иелік етіп отыр. Бұл компания бір кездері "Газпромның" ең ірі клиенттерінің бірі саналды. Оллоның сөзінше, Ресей Еуропа одағына қажетті газдың 20-25 пайызын жеткізе алар еді. Айта кетсек, соғысқа дейін бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін жеткені белгілі.
Француздың TotalEnergies мұнай компаниясының басшысы Патрик Пуянне болса, Еуропаға америкалық газға тым тәуелді болмауды ескертті.
"Бізге көптеген маршруттарды әртараптандыру қажет. Бір немесе екі жеткізушіге тым сүйенген дұрыс емес", – дейді Пуянне.
Total – АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ жеткізетін аса ірі импортер. Ол Ресейдің Novatek компаниясы өндірген табиғи газды сатумен де айналысады.
"Еуропа енді ешқашан соғысқа дейінгідей Ресейден 150 миллиард текше метр газ сатып алмайды, бәлкім 70 миллиард текше метр импорттауға болар", – дейді ол.
Өткен жылы АҚШ ЕО импорттайтын газдың 16,7%-ын, Норвегия 33,6%-ын Ресей 18,8%-ын қамтамасыз етті.
Колумбия университетінің Жаһандық энергетикалық саясат орталығының ғылыми қызметкері Татьяна Митрованың айтуынша, тарифтік соғыс Еуропаның АҚШ газына тәуелділігіне қатысты алаңдаушылығын тіпті күшейтіп жіберді.
"Америкалық сұйытылған табиғи газды бейтарап тауар ретінде қарастыру қиындап барады: белгілі бір сәтте ол да геосаяси құралға айналып кетуі мүмкін", – дейді Митрова.
Global Risk Management компаниясының бас сарапшысы Арне Ломанн Расмуссеннің сөзінше, егер сауда соғысы ушығатын болса, АҚШ сұйытылған табиғи газ экспортын тоқтатып тастайды деген қауіп бар. Ал ING компаниясының шикізаттар жөніндегі стратегия бөлімінің бастығы Уоррен Паттерсонның ойынша, Құрама Штаттарда өнеркәсіптік және жасанды интеллектіге байланысты газға ішкі сұраныс артатын болса, Вашингтон барлық нарықтарға экспортты қысқартуы ықтимал.
Forsa институты Шығыс Германиядағы Мекленбург-Алдыңғы Померания жерінде штатында жүргізген сауалнама қорытындысына жүгінсек, жергілікті немістердің 49%-ы ресейлік газды қайта импорттауға жақтас.
"Бізге ресейлік газ керек, бізге арзан энергия қажет, ол қайдан келеді – маңызды емес. Өйткені отын шығындарын бақылауда ұстауға тиіспіз", – дейді жергілікті тұрғын Клаус Паур.