Еуропалық жұртшылықты, халықаралық туристер мен шетелдік туроператорларды "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы ақпараттандыру мақсатында Мадридте "ЭКСПО-Караван" интерактивті мобильді павильоны өз жұмысын бастады.
"Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ хабарлағандай, Патша сарайының маңында орналасқан мобильді павильонда жұртшылық 3D принтер, виртуалды шындық көзілдірігі, жел энергиясынан құрылғыларды зарядтау, интерактивті сенсорлық экрандар сияқты тағы басқа ең жаңа технологиялардың көмегімен алда болатын көрмемен таныса алады.
"ЭКСПО-Караванның" Мадридтің тарихи және туристік орталығында орналасуын ескерсек, павильонға тұрғындардың барынша көп саны және испандық елорда қонақтары келеді деп күтілуде", – деп атап өтілді ұлттық компанияда.
"ЭКСПО-Караван" 28 ақпан – 2 наурыз аралығында Мадридте өтіп, кейін басқа еуропалық қалаларға – Барселона, Рим, Милан, Цюрих, Париж, Лондон, Амстердам, Вена, Прага, Берлин, Варшава, Вильнюс және Хельсинки қалаларына аттанады.
Айта кету керек, іс-шараны "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ және Қазақстанның Испаниядағы Елшілігі ұйымдастырған.