Газ тартқан әкімдік тұтас көшені ұмыт қалдырған

279

Тізімде жоқ тұрғындар, тоңып отыр!

Газ тартқан әкімдік тұтас көшені ұмыт қалдырған Фото: Inbusiness.kz

Жамбыл облысында ауыл тұрғындары елдімекенге газ кіргенде, жалғанбай солайша қалып кеткен. Бұқара 10 жылдан бері үй түбіне келіп тұрған көгілдір отынның қызығын көре алмай отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Өгейдің күйін кешкен көше жұрты "талай әкім ауысқанмен, ешкім шөп басын сындырмады", деп азар да безер. Ал дірдектеген дүйім ел дауына әкімнің айтары тіптен бөлек. 

Не газымыз жоқ, не суымыз жоқ! Не жолымыз анау. Қара батпақ! Кімнің жағдайы бар сол көше алады. Көше алмағандар отырамыз ғой, дейді тұрғындар.

Барлығы Өрнек ауылында тұрады. Елдімекенде бас-аяғы 270 үй болса, барлығына су жүріп, газ тартылған. Бірақ мына аядай көше өркениет белгілерінен тіптен мақұрым. Өйткені 10 жыл бұрын ауылға көгілдір отын тартылғанда, көше "есепте жоқ", деп жалғанбай кетіпті. 

"Үй суық! Көмір алған жоқпыз. От жағып отырмыз. 2 тамда қысылып отырамыз, 6 баламен! Терезенің бәріне мұз қатады, есікке мұз қатады. Көміріңіз 35 мың теңге", - дейді Өрнек ауылының тұрғыны Гүлмира Боранбаева.

Таулы өлкедегі ауыл қысы қатты. Таяудағы аяз да ағаш жаққан жұртты тіпті дірдектеткен. Кей үйде 2 пештен жағылып тұр. Қақаған қыстан шығу үшін де әр үй кемі 3 тонна көмір тасиды. Жылу іздеген жұрт 10 жылдан бері небәрі 10 үйді көше басындағы газға жалғай алмай жатқан жергілікті билік әрекетін түсіне алмай дал. 

"Шырпысын қалтамыздан алдық, күзде алдық. Одан бері уже 2-3 ай өтіп кетті. Райгаздың бастықтары ауысып кеткен, енді құжатты қайта жинаймыз дейді. Оны тағы да күтсек, жаз болады. Сосын қайта қысқа қалады. Жылда жылдың аяғына дейін созып жүреді", - дейді Өрнек ауылының тұрғыны Жеңісбек Жаманбаев.  

Қараша су мен газ жырын жырлап жалыққан. Әкімнің үйіп-төккен уәдесіне қазір сенбейді. Тұрғындардың талабы да тым қарапайым. "Өгейдің күйін көшкен көшеге газды үйме-үй жалғап берсе", дейді. Ал шенеуніктер мәселеге себеп  - тұрғындардың өзі деп отыр. Өйткені 2011 жылы газ кіргенде, көгілдір отыннан өздері бас тартқан деп отыр. Енді 2-3 жылдан бері шағым үдеген соң, қазіргі әкім демеуші іздеп сабылып жүр. 

"Бұл үйлерге бюджеттен ақша қарастырылмаған. Қарастырылмайды да. Тек қана өздерінің қаражат есебінен немесе демеуші есебінен жүргізуге жоспарлап отырмыз", - деді Өрнек ауылының әкімі Айбек Әбішов.

Қазынадан қаржы қаралмаған соң, қазіргі әкім газға жауапты мамандарды ертіп, құнын есептеткізген. Әр үйге шамамен 400 мың теңге қажет екен. Сондықтан газ тартудың құнын шығарып, демеуші арқылы жыл соңына дейін мәселені реттемек. Ал судың жайын айтқан әкім сметалық құжат 2 жылдан бері аудан қаралымында жатқанын айтады. Бірақ оған да қаржы бөлу мәселесі әлі нақтыланбай тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу