Геосаяси жағдай Орталық Азия үшін мәселе ме, мүмкіндік пе?

1104

Орталық Азия елдерін қуаңшылық күтіп тұр. Ал геосаяси жағдайдың кесірінен өңір экономикасы 0,2 пайызға төмендейді.

Геосаяси жағдай Орталық Азия үшін мәселе ме, мүмкіндік пе? Фото: Янги Узбекистон

Мұндай болжамдар Өзбекстанда өтіп жатқан экономикалық саммите айтылды. Алайда "аймақта мүмкіндіктер дәуірі басталады" деген сарапшылар да бар. Ол үшін бірінші биліктің саясаты өзгеруі керек екен, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бүгін Самарқандта Дүниежүзілік қаржы ұйымдарының төрағалары жиналды. Екінші рет ұйымдастырылған форум Өзбекстан экономикасының дамуын талқылаумен басталды. Одан кейін қазір айналып өтуге болмайтын геосаяси жағдай көтерілді. 

"Орталық Азия экономикасы шамамен 0,2% төмендеуі мүмкін. Ал өсім 3,9 пайыз деңгейінде болжануда. Бірақ ол үшін аймақтағы инфляция төмендеуі керек. Қазірдің өзінде Украина экономикасының 35%-ын жоғалтты. Бұл аймақтың болашағына айтарлықтай әсер етеді. Оған Ресейге салынатын жаңа санкциялар, Еуроаймақтағы энергетика саласындағы проблемаларды қосыңыз", – деді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Анна Бьерде.

Алайда инфляцияның төмендеуі мүмкін деуге қазір негіз жоқ. Оған қоса, қымбатшылықтың шарықтау шегі жыл басына келеді деген болжам бар. Ал тарихи деңгейдегі жоғары инфляцияға байланысты әлемдегі ең ір 2 нарық – АҚШ пен Қытайдағы сауда айналымы айтарлықтай баяулайды. 

"Келер жылы Орталық Азияда пайыздық ставка әлі де өседі. Сондықтан өңірдегі Үкімет мүшелері геосаяси жағдайды ескере отырып икемді даму жоспарын құруы керек. Интелектуалды даму мен технологиялық стартаптарды қолдаған жөн. Сонымен қатар Орталық Азия елдеріне жасыл экономика жобаларына инвестиция тартқан тиімді болады", – деді Халықаралық валюта қоры Орталық Азия департаментінің директоры Джихад Азур.

Жиынға Қазақстанның атынан Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов қатысты. 

"Қазір макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды. Қысқа мерзімді емес жүйелі шешімдер арқылы инфляцияны құрықтай аламыз", – деді Пірматов.

Маржан Жұмабай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу