Халықтың полицияға сенімі қандай?

1741

Бұл мәселеде тұрғындардың ұстанымына БАҚ, интернет және достарының пікірі айтарлықтай әсер етеді.

Халықтың полицияға сенімі қандай?

2021 жылы қазақстандықтар арасында полицияға сенім деңгейі артқан, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Өткен жылы қараша-желтоқсанда сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 34,5%-ы өздері тұратын аудандағы қауіпсіздік деңгейін қанағаттанарлық деп бағалаған. Осыған дейін 2021 жылғы сәуір-мамырда халықтың 32,2%-ы қауіпсіздік деңгейі қанағаттанарлық деп баға берген. Қауіпсіздік деңгейіне қанағаттанбағандардың үлесі өзгеріссіз қалды – 4,7%.

Өткен жылы қараша-желтоқсанда өздері тұратын аудандағы қауіпсіздік деңгейін қанағаттанарлық деп есептемейтін әйелдердің үлесі – 5%, ерлер – 4,3%. Қауіпсіздік деңгейіне толық қанағаттанған ерлердің үлесі – 36,9%, ал әйелдер – 32,4%.
Деректер "Халықтың құқық қорғау органдарына сенім деңгейін" іріктемелі зерттеу нәтижелерінен алынған. Зерттеуге 18 мың үй немесе Қазақстан бойынша үйлердің жалпы санының 0,35% қатысқан. 

Халықтың қауіпсіздік деңгейіне қанағаттануының өсуіне қарамастан құқық қорғау органдарының өз ауданындағы көшелерді күніне кемінде бір рет патрульдейтінін атап өткен қазақстандықтардың үлесі 2021 жылғы сәуір-мамырда 31,8%-дан қараша-желтоқсанда 28,3% дейін азайған. 

Көшелерде полициялардың сирек патрульдейтінін айтқан халықтың үлесі 13,8%-дан 15,7%-ға дейін өскен. 

Респонденттердің басым бөлігі құқық қорғау органдарына көмек сұраған – 85,6%. Прокуратура органдарынан көмек сұрағандар үлесі – 13,3%, экономикалық тергеу қызметі – 0,8%, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет – 0,4%. 

Полицияға сенуге болады дейтін қазақстандықтардың үлесі 2021 жылы 38,7%-дан 41%-ға дейін өскен.

Тәртіп сақшысына сенуге болады дегенмен ішінара келіскендер саны аз болды (қараша-желтоқсанда – 33,6%, сәуір-мамырда – 38,1%).

Полицейлерге сенуге болмайды дейтін респонденттердің үлесі де азайған (ішінара – 6,1%-дан 4,3%-ға дейін, толық – 2,6%-дан 2,2%-ға дейін).

Полициямен ешқашан бетпе-бет кездеспеген респонденттердің үлесі жарты жылда 14,5%-дан 18,9%-ға дейін өскен.

2021 жылғы қараша-желтоқсанда сұраққа жауап бергендердің 30,3%-ы полицияға деген сенімнің төмен деңгейін немесе тіпті толық сенімсіздіктің себебін тәртіп сақшыларының кәсібилігінің төмен деңгейімен байланыстырды. 

Жауап бергендердің тағы 29,4%-ы полицейлер тұрғындарды құқығын қорғағанның орнына жиі жазалайтынын, 26,7%-ы бұрын полициядан көмек сұрағанын, сенімді ақтамағанын, 25,8%-ы полицейлерді жемқор деп санайтынын атап өткен.

Сондай-ақ сұрақ қойылғандардың 9,5%-ы полициядан қорқатынын айтқан. Жауап бергендер полицияға көзқарасы (сенетінін немесе сенбейтінін) БАҚ-тағы ақпараттан (34,2%), интернет (28,8%), достары мен таныстарының пікірлері (26,5%), жеке тәжірибесі (22,6%) негізінде қалыптасатынын айтты.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу