Шараға халықаралық қаржы институттарының, жетекші шетелдік компаниялар мен банктердің басшылары, соның ішінде Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова қатысты.
Кездесуде ұзақ мерзімді және өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша нақты жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Өзбекстан Президенті өз сөзінде ірі инвесторлардың ел экономикасын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті, сондай-ақ Кеңес қызметі аясындағы негізгі бағдарларды және шетелдік инвесторлармен әріптестік байланыстарды одан әрі кеңейтудің негізгі бағыттарын атап өтті. Ел басшылығы жекешелендіру, экономикаға жеке сектордың қатысуын арттыру, банк секторындағы реформаларды ілгерілету, салық заңнамасына өзгерістер енгізу, әкімшілік реттеудің әсерін азайту және елдің инвестициялық тартымдылығын дамыту жоспарларын талқылады.
"Halyk Group" Өзбекстанның экономикалық даму перспективаларын жоғары бағалап, республика экономикасындағы ірі қазақстандық инвесторларының бірі бола отырып, соңғы үш жылда капиталға салынған инвестицияларды қоса алғанда, 500 млн АҚШ долларынан астам сомаға жобаларды қаржыландырды.
Оның ішінде Halyk Bank еншілес ұйымы – "Tenge Bank" АҚ желілері, сондай-ақ Қазақстан Halyk Bank-тің Өзбекстандағы компанияларға несие беруі бар.
"Біз үшін Өзбекстан – стратегиялық бағыт, Орталық Азиядағы өсу нүктесі, оның әлеуеті зор. Halyk Bank Өзбекстанда 2019 жылдан бері жұмыс істейді және осы уақыт ішінде біз ел басшылығының ауқымды өзгерістерге ашықтығы мен қызығушылығын көріп отырмыз, елдің реформалар бағытында қаншалықты жылдам әрі тиімді қадамдар жасап жатқанын байқаймыз", – деді Үміт Шаяхметова.
Кеңес отырысы барысында ол Өзбекстан Президентіне Halyk тобының қызметіне оң баға бергені және оның өкілін Шетелдік инвесторлар кеңесіне қосқаны үшін алғысын білдірді, сондай-ақ халықаралық инвесторлар кеңесінің жұмысын одан әрі жақсартуға мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныстарын айтты.
"Бұл Өзбекстанның инвестициялық тартымдылығын дамыту және жақсарту бойынша ұсыныстарды тікелей айтуға және тыңдауға мүмкіндік беретін өте пайдалы және маңызды кездесу. Біз өз тарапымыздан Өзбекстанның банк секторын дамытуға қатысу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсындық. Бізде, Қазақстанда дағдарыстарды тиімді еңсеруде, мемлекетпен белсенді және жемісті жұмыс істеуде, атап айтқанда, банк жүйелері мен мобильді қосымшаларды дамыту арқылы электронды үкіметтің мүмкіндіктерін кеңейтуде жеткілікті тәжірибеміз бар. Ал біз инвестор ретінде Өзбекстанның мемлекеттік органдарының да, банктерінің де қызметтерін жақсарту үшін тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз", – деді Үміт Шаяхметова.