Жанар Амангелдіқызын Ахмет Ясауи университетінің ұжымына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Каринова Шолпан Таңатқызы таныстырды.
Аталған жиынға Түркістан облысы әкімінің білім саласына жауапты орынбасары Қалқаманов Сәкен Амангелдіұлы, университеттің 1-ші вице-президенті (ректор өкілі) Женгиз Томар мен университеттің сенат мүшелері қатысты.
Университет ректоры Жанар Амангелдіқызы өз сөзін Ахмет Ясауидің хикметінен бастай отырып, өзіне жүктелген жаңа қызметтің жауапкершілігін терең сезінетінін жеткізді.
Темірбекова Жанар Амангелдіқызы Түркияның алдыңғы қатарлы Хаджеттепе университетінің Инженерлік факультетін бітіріп, аталмыш оқу орнының “менеджмент” мамандығы бойынша магистратура бағдарламасында білім алған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқып, сол жерде кандидаттық диссертациясын қорғаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Жанар Амангелдіқызы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Анкара қаласындағы Өкілетті Кеңес басқармасында, ТҮРКСОЙ сынды халықаралық ұйымдарда еңбек еткен.
Алматы қаласындағы КИМЭП, ҚБТУ және СДУ сынды бірнеше маңызды оқу орындарында студенттерге сабақ берумен қатар, Еуразия Технологиялық университетінің ректоры, Алматы Менеджмент университеті Президентінің кеңесшісі қызметін атқарған.
– Н.Назарбаев қорының Ғылым және техника саласындағы сыйлықтың лауреаты (2012 ж);
– БҒМ "ЖОО-ның
үздік оқытушысы" грантының иегері (2013 ж);
– Халықаралық ғылыми журналдарда жарық көрген ғылыми мақалалардың, жалпы 40-тан астам ғылыми еңбектер мен бірнеше монографияның авторы;
– The International Journal of Entrepreneurship and Innovation; African Journal оf Business and Management; Gaziantep University Journal of Social Sciences халықаралық академиялық журналдарында рефери;
– Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Ғылым кеңесінің, АҚШ-тағы Халықаралық Көшбасшылық Ұйымының, Халықаралық аналитикалық орталық Тиллотома қорының құрметті мүшесі (Science and Education Policy Group).