Нарықта Ресей және Белорусиядан келген логистикалық компаниялар мен "аты бар заты жоқ" фирмалар көбейген. Шетелге шығуға берілетін рұқсаттамалардың 60 пайызын осы компаниялар басып қалып отыр. Мұның кесірінен, Қостанай облысындағы жергілікті жүк тасымалдаушылар табысынан айырылды.
Тобыл өңірінде халықаралық жүк тасымалдаумен айналысатын көліктердің 80 пайызға жуығы қаңтарылып бос тұр. Өйткені, иелері шетелге шығуға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен рұқсаттама бланкісін ала алмаған. Ал, қара нарықта біреулер осы құжатты еселеген бағаға сатып жүр.
"Құны 3065 теңге тұратын рұқсаттама бланкісі қара нарықта 100-700 доллардан сатылады. Былтыр өңірде тіркелген "аты бар, заты жоқ" фирмалар көбейді. Олар қандай жолмен болмасын бланктерді иеленіп, соны қара нарықта сатумен, яғни делдалдық жолмен пайда тауып жүр", дейді Халықаралық жүк тасымалдаушы компанияның басшысы Алдан Менкеев.
Бұл фирмалардың атында жеке меншік көліктер де жоқ. 3-5 машинаны жалға алған болып, жаздырған. Әрі, нарықта Ресей мен Белоруссия елдерінен келген логистикалық компаниялар көбейді. Олар уақытша номер тіркете сала, Қазақстан атын жамылып, Еуропаға емін-еркін зат тасып жүр. Мысалы, аймақта 2021 жылы 54 тасымалдаушы болса, қазір олардың саны 130-дан асты. Өсім сырттан келген компаниялар есебінен болған. Жылына бөлінетін квотаның 60 пайызын солар басып қалуда. Мұндай әділетсіздіктің кесірінен отандық жүк тасымалдаушылар табыссыз қалды.
"Жүк тасымалында отандық компаниялар үлесінің азайып, 32 пайызға төмендеуі алаңдатып отыр. Бұл өте нашар көрсеткіш. Соны түзеудің жолдарын іздестіру керек", дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Ақышев.
Шетелге жүк шығаруға рұқсат беру ережелері мен ақпараттық жүйеде де шикілік көп.
"Ақпараттық жүйеде кемшіліктер бар. Бір күндік фирмаларға рұқсат құжаттары берілгені анықталды. Жүйені жетілдіру қажет", дейді Қалалық көлік прокуратурасының прокуроры Темірлан Рақымжанов.
Атамекен палатасы отандық халықаралық жүк тасымалдаушылардың құқығын қорғаудың бірнеше жолын ұсынды. Әрине, мұның бәрін реттегенше тағы бірнеше айдың жүзі өтері белгілі. Ал, автопарктердің қаржылық жағдайы ай сайын нашарлап барады.