Халықтың 80%-ы ақпараттық байланыс технологиясын қолдана алады

912

2019 жылы цифрлық сауаттылық деңгейі 79,9%-ға дейін өсті.

 Халықтың 80%-ы ақпараттық байланыс технологиясын қолдана алады

Соңғы жылдары елімізде компаниялар мен ұйымдардың цифрлық платформаға ауысуы кең етек жайып келеді. 2019 жылы компьютер қолданатын ұйымдардың үлесі 83,9%-ға жеткен. Бұл туралы Ranking.kz басылымы хабарлады. 2018 жылы бұл көрсеткіш 77,7% болған еді.

Ал интернет қолданатын ұйымдардың қатары 75,1%-дан 81,1%-ға дейін артқан. Осылайша карантин жағдайында интернет пен компьютер мұндай компаниялардың жаңаша жұмыс жүргізуіне мүмкіндік беріп отыр.

Еске сала кетсек, ТЖ режимі енгізілгелі жеке компаниялар мен мемлекеттік органдар үйден жұмыс істеу форматына ауысқан болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік қызметкерлердің 70 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтың айтуынша, елімізде мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын онлайн түрде алуға болады.

Халыққа қызмет көрсету орталығы жабылғаннан бері азаматтарға 2,5 миллион қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіш күннен күнге өсіп жатыр.

Электронды үкіметте халық ең көп өтінім тапсыратын қызмет түрлері мыналар:

- баланың дүниеге келгенін тіркеу

- баланың туылғаны мен оның күтіміне жәрдемақы тағайындау

- сотталмағандығы туралы анықтама беру

- БЖЗҚ салымшысының зейнетақы жинағы туралы ақпарат беру

Халықтың цифрлық сауаттылығы 2019 жылы 79,9%-ға дейін өсті. 2018 жылы бұл көрсеткіш 77,3% болған еді.

Цифрлық сауаттылық деңгейі ең жоғары аймақтардың көшін Нұр-Сұлтан (87,8%), Алматы(86,3%), Алматы облысы(85,6%), Атырау облысы(85,6%), Шымкент қаласы (80%) бастап тұр.

Былтыр 6 және 74 жас аралығындағы компьютер қолданушыларының үлесі 82,2%-ға дейін, ал интернет қолданушыларыныкі 84,2%-ға дейін өскен.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу