Халықтың табысын арттыру жолдары қандай? – министр жауабы

617

2023 жылдың наурыз айында халықтың табысын арттыру бағдарламасы жаңартылып, 2029 жылға дейін деп белгіленді. 

Халықтың табысын арттыру жолдары қандай? – министр жауабы Фото: azattyq-ruhy.kz

Сенатор Серік Өтешов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен халықтың табысын арттыру жолдары туралы сұрады, деп жазады inbusiness.kz.

"Бүгінгі таңда азық-түлік шығыстарының үлесі өсіп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 50,8%-ды құрады. Ол халықтың басқа салаларына қаражат жұмсауға мүмкіндіктерінің аз екенін көрсетеді. Номиналды кірістердің оң динамикасына қарамастан, іс жүзінде олардың өсуі сезілмейді және халықтың өмір сүру сапасы төмендеп жатыр. Осыған байланысты менің сұрақтарым келесідей. 2029 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасында қазіргі экономикалық жағдайды ескере отырып, қандай түбегейлі тәсілдер көзделген? Бұл бағдарламаны іске асыру азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қалай әсер етеді?", - деп сұрады депутат Сенат отырысында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың сөзінше, инфляцияның деңгейі азаматтардың табысына тікелей әсер етіп отыр.

"Биыл қабылданған бағдарламаның аясында 80 пайыз табыстың көлемі еңбектен болуы керек. Сондықтан биылғы бағдарламадағы негізгі өзгеріс – жұмыспен қамту мәселесі. Бірінші рет биыл 20 әкімдік өңірлік жұмыспен қамту бағдарламасын белгіледі. Соған сәйкес жылдың соңына дейін 947 мың азаматты жұмысқа тұрғызу мәселесі қарастырылып отыр. Бірден айта кету керек, бұл бос жұмыс орындары емес. Бұл бүгінгі бос жұмыс орындары, мемлекет тарапынан субсидияландырылатын жұмыс орындары және кейін ұлттық жобаларда берілетін жұмыс орындары. Бұл да азаматтардың еңбек табысын көбейтуге әсерін береді. Екіншіден, егер өзі бизнес ашамын деген азаматтар болса, несие беру бағдарламалары қарастырылып отыр", - деп жауап берді ведомство басшысы.

Үшіншіден, "Ауыл аманаты" бағдарламасы жүргізіліп отыр. Оған биыл 100 млрд теңге қаралып, алдағы жылдары оның көлемін 1 млрд теңгеге жеткізу көзделуде, деді Тамара Дүйсенова.

Министр бұл халықтың табысын арттыруға септігін тигізетініне сенім білдірді. Ол биыл ең төменгі зейнетақы немесе жәрдемақыны алатын  азаматтардың төлемдерін көбейту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу