Ханзада Жумонг – Сон Иль Гук: Қазақ жері тарихи фильм түсіруге қолайлы көрінді

394

Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстандағы мемлекеттік сапары қарсаңында TikTok пайдаланушылар "Ханзада Жумонг Қазақстанға келіпті" деп шулады, деп жазады inbusiness.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ханзада Жумонг – Сон Иль Гук: Қазақ жері тарихи фильм түсіруге қолайлы көрінді Фото: inbusiness.kz

Атақты актер Сон Иль Гук екі ел өнерпаздарының гала-концертінде жүргізуші болған еді.

– Елімізге қош келдіңіз! Қателеспесем, бұл екінші сапарыңыз екен. Бұл сапарда Қазақстан туралы көбірек біле алдым деп айта аласыз ба? Осы жолы Қазақстанды қай жағынан тани алдыңыз?

– Осыған дейін келгенде де, бұл жолы да уақыт өте тапшы болды. Сондықтан Қазақстан туралы көп мәлімет ала алмадым, өз көзіммен көре алмадым. Бірақ келердің алдында көп ақпарат оқып, мәдениеті мен табиғаты туралы, туристік орындары туралы бірталай іздендім. Алматының іргесіндегі Шымбұлақта шаңғы тепкім келіп еді. Бұл жолы да уақыт кестемнің тығыздығына байланысты ойға алғанымды іске асыра алмай кетіп бара жатқаным өте өкінішті.

– Демек, келесі жолы сіз біздің елге турист ретінде келуіңіз мүмкін бе?

– Келешекте уақыт шығып жаста, Шымбұлаққа барып демалғым келеді. Өзім ғана емес балаларымды ертіп келсем деген ойым бар.

– Сізді қазақтар тарихи фильм актері ретінде біледі. Ол туындының экранға шыққанына бірнеше жыл болса да, мұндағы халық сізді әлі ұмытпағанын көріп отырсыз. Біз жақтан ұсыныс болып, бірлескен жоба қолға алынып жатса, қазақ кейіпкерін сомдай аламын деп ойлайсыз ба?

– Ондай ұсыныс келсе, мен үшін зор құрмет болатын еді. Біздің мәдениеттеріміз ұқсайтын болғандықтан, ондай рөлді жақсы сомдап шығуға дайын болар едім. Жалғыз проблема тіл кедергісі шығар. Тілдегі алшақтық қиындық туғызбаса, қазақ кейіпкерін ойнау, әсіресе тарихи фильмге түсу менің қолымнан келетін еді деп ойлаймын.

Кореяда адам саны көп болғанымен, Қазақстанға қарағанда жері шағын. Бос жер жоқ деуге болады. Қайда барсаң да ғимаратқа толы. Сол үшін бізде тарихи фильмдер түсіретін орын тапшы. Ал мұнда жер кең, сәйкесінше, локация көп. Тау керек пе, орман керек пе, шөл керек пе, көл керек пе – бәрі бар. Соны байқап осындай тарихи фильм түсірсе ғой деген ойға қалдым. Әрине, Қазақстан режисерлерінен ұсыныс алғаным жақсы ғой, бірақ кореялық түсіру тобы Қазақстан жеріне келіп, кино түсірсе қалай болар еді деген оймен кетіп барамын. Бұл – нақты жоспар емес. Осы жолғы сапарда санамда осындай бір ой жылт етті.

– Осы сапарыңыз кезінде қазақ асханасымен қаншалықты танысып үлгердіңіз?

– Алдыңғы келгенімде "бешбармақты" жеп көрген болатынмын. Сол тағамдарыңыз есімде жақсы қалды. Жақсы көріп жегенім сол болды. Жалпы, Оңтүстік Корея адамдары сыртқа шыққанда үнемі өздерімен бірге кимчи дейтін салатты ала жүреді. Елден ұзап шықса, кимчиді аңсайды. Мен сәл бөлектеумін. Содан да болар, Қазақстанға келгенде дастархандарыңыз корей асханасына ұқсамаса да, жегім келетін тамақтар көп болды. Бұған дейін Парижде де солай болған. Сол жердің тамағын жей бергенмін. Қазақстанда да дәл солай болды. Енді жегім келетіні лағман деген тағамдарыңыз. Оның дәмі ерекше деп көп естідім. Қазақстан қой етін дәмдеп ұсына алатын ел ретінде танымал болғандықтан, осы жердің кәуабын бір асықпай отырып жегім келеді. Шымбұлаққа балаларымды ертіп келіп жатсам, үшеміме сол қазақ кәуабының дәмін татқызғым келеді.

– Интернеттен оқыған дерек бойынша, сіздің үш балаңыздың есімдерін қосса, "Оңтүстік Корея жасасын" деген мағынаны білдіреді екен. Балаға мұндай есім қоюыңызға айрықша патриоттығыңыз әсер етті ме, әлде нақты бір оқиға себеп болды ма?

– Әрине, біріншіден мен өз отанымның патриотымын. Алайда, оның сыртында тағы бір себеп бар. Жолдасымның құрсағына бала біткен кезде, анам қатты қуанғанынан "Оңтүстік Корея жасасын" деп айқайлаған болатын. Балаларымыз туылмас бұрын іште жатқан үшемімізді солай еркелетіп жүр едік, ойлана келе одан жақсы ат ойымызға түспегендіктен, аяғы "Оңтүстік Корея жасасын" деген ұран балаларымыздың шынайы атына айналды.

– Бұған дейін 2011 жылы Астанада болдыңыз. Сол кезде де біздің сайтқа сұхбат беріпсіз. Содан бері Астана қалай өзгеріпті?

– Өзгеріс өте көп. Мен 2011 жылы келгенде тоқтаған қонақүйдің терезесінен қарағанда жазық даланың ұшығы көрініп тұратын. Бұл жолы терезеден қарасам, айналаның бәрі биік-биік ғимаратқа толы. Жарық қала болып көрінді. Айналадан адам жанына керектің бәрі бар екен деп ойладым. Бұл жағынан Астана біртіндеп Алматыға ұқсап бара жатқандай әсер алдым.

– Сұхбатымызды "Ханзада Жумоң" туралы сұрақпен тәмамдасақ орынды шығар. Сол кезде ауылдағы баланың бәрі қолына қылыш пен садақ ұстап, сіз сомдаған кейіпкердің атын ұрандап ойнайтын болған. Сіздің фильміңізді көріп ержеткен көрермендеріңізге қазір қандай тілек айтар едіңіз?

– "Жумоң" сериалы туралы адамдардың әлі күнге дейін жылы естелікпен сөз қозғайтыны мен үшін зор мәртебе. Қазіргі Оңтүстік Кореяның Корё болып құрылғанын, оның алдында Когурё болып құрылған тарихын баяндайтын туындыға қазақ халқының ішінде осыншалық қызығушылық туындатқаны қуантады. Осы туындыны көріп өскен балаларға мен зор алғыс айтамын. Келешекте үлкен-үлкен жетістіктерге жетіп, Жумоң ханзада сияқты ер мінезді болып қалыптасып жатыр деп сенемін.

Негізі бұл жолы Қазақстанға келмей қалуым да мүмкін еді. Өйткені жұмыс кестем өте тығыз болатын. Бірақ Қазақстанда "Жумонг ханзада" сериалын сүйіп көрген тұтас бір буын бар екенін айтып, екі елдің мәдени жақындығына пайдасы тиетінін ескерткен кезде бұл шараға міндетті түрде қатысуым керек деген шешімге келдім. Қазақ халқына алғыстан басқа айтарым жоқ.

– Ал біз сізге осы сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс айтамыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу