Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев елде коронавирус инфекциясын алдын алу жұмыстарына әскери қызметкерлер қатысатынын айтты.
"Коронавирус инфекциясының алдын алу үшін қарулы күштердің биологиялық қорғаныс бөлімшелері арнайы техника мен құрылғыларды қолдана отырып, аумақтар мен нысандарды залалсыздандыруды бастады. Әскери медициналық мекемелер азаматтардың денсаулығын сақтауға қолғабыс беруге әзір. Ол үшін 24 дәрігерлік-медбикелік бригада құрылды. Денсаулық сақтау министрлігімен қарым-қатынас құру тетіктері ұйымдастырылды", – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Оның айтуынша, әскерилер Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының шекарасын күзетіп, аймақтарға шолу жасайды.
"Әскерилер ішкі істер органының қызметкерлерімен бірге елдімекендерді шолуға және карантиндік аймақтар шекарасындағы бақылау-өткізу пунктерін күшейтуге атсалысады. Бұл адамдардың бейберекет жүруін реттеп, вирустың елге таралуын азайтады. Қарулы күштер әрқашан халыққа қызмет етеді әрі азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтайды. Азаматтардың кез-келген өтінішін қабылдап, барынша көмек көрсетуге әзірміз. Қарулы күштер өткізетін барлық шараларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын", – деді Тимур Дәндібаев.
Нұржан Көшкін