Әскери қызметтің беделін арттыру бойынша ауқымды өзгерістер жасалады

937

Қарулы күштердегі кадр саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. 

Әскери қызметтің беделін арттыру бойынша ауқымды өзгерістер жасалады

Әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар бастамалар пысықталып жатыр. Атап айтқанда, әскери қызметшілерге мерзімді қызмет өткеру кезеңінде "кредиттік демалыстар", коммуналдық қызметтерге ақы төлеуде сарбаздар отбасыларына жеңілдіктер беру ұсынылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Министр орынбасарының айтуынша, білім беру бойынша де  жеңілдіктер жасалады. Мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың экономиканың нақты секторында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеріп шыға алады. 

"Мысалы: "тегін техникалық және кәсіптік білім беру" жобасын іске асыру шеңберінде Қорғаныс министрлігі бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие 16 мамандық: тракторшы, дәнекерлеуші, краншы, электрик және басқалары бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді даярлауды жүргізіледі. Әскердегі қызмет өткеру уақытында жастар ӘК оқу орталықтары мен әскери бөлімдер базасында қажетті білім, білік және мамандық дағдыларын тегін алады", – деп атап өтті  генерал-лейтенант.  

Сонымен қатар жақында Мемлекет басшысы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Бұл өзгерістер әскери қызметшілер мен Арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік топтамасын жақсартуға, әскери қызмет өткеру мәселелерін регламенттеуге бағытталған. Қазіргі уақытта "Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын бекіту туралы" ҚР Үкіметі қаулысының жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде. 

"Қарулы күштерде адамдар негізгі қызметті атқарады. Демек офицер немесе сарбаз болсын, олардың әрқайсысы кәсіби тұрғыда оқытылуы, қамтылуы, моральдық-жауынгерлік рухы жоғары деңгейде болуы керек. Кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында әскери білім беру жүйесін дамыту және кадр саясатын жетілдіру шаралары қабылдануда", – деді Сұлтан Камалетдинов. 

Сапалы әскери кадрларды жасақтау үшін маңызды жоспарлар "Қарулы күштердегі кадр саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында жүзеге аспақ. 

"Осы мақсатта "Жас Ұлан" мектептері, әскери колледждер, үш әскери жоғары оқу орны және Ұлттық қорғаныс университеті әскери кадрлар даярлауда үш деңгейлі жүйемен қызмет етеді. Одан өзге, әскери қызметшілердің курстық дайындықтан өтуі де қамтылған. Неғұрлым тапшы мамандықтар, сондай-ақ қажетті мамандықтар бойынша дайындық шетелдің жетекші әскери оқу орындарында ұйымдастырылған", – деді спикер.

Қорғаныс министрінің орынбасары брифинг барысында шетелде әскери миссияға қатысқандар туралы да айтып өтті. Оның айтуынша 2007 жылдан бастап БҰҰ-ның Непал, Батыс Сахара, Кот-д'Ивуар және Ливандағы миссияларына 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші қатысты. Сонымен қатар 1992-2001 жылдар аралығында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың 9000-нан астам әскери қызметшісі Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейту міндетін орындады. 2003 жылғы тамыздан 2008 жылғы қазанға дейін қазақстандық "Қазбат" батальонының инженерлік-саперлік жасағы құрамында 300-ден астам әскери қызметші Иракта миссиясын орындады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу