Инновация – экономиканың басты драйвері

3425

Қазақстан 126 елдің арасында инновациялық даму көрсеткішімен 74 - орынға орналасты.

Инновация – экономиканың басты драйвері

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ғалымдары 30 мыңнан астам инновациялық патент рәсімдепті. Бір қарасаң, көңіл көншитін көрсеткіш. Бірақ соңғы 3 жылда инноватор ғалымдардың белсенділігі күрт кеміген. Мысалы 2018 жылы аталмыш салада жалғыз патент рәсімделді. Ал осыдан 3 жыл бұрын 378 патент тіркелген болатын. Десек те ғылыми патенттің саны біздің жағдайда инновациялық ахуалға өлшем бола алмаса керек. Инновациялық өнімнің ел экономикасындағы үлесі қандай? Мәселе осында... Статистика комитетінің дерегіне сенсек, 2018 жылғы жалпы ішкі өнімнің 1,98%-ы иновациялық жобалардан түскен. Ал жалпы ішкі өнімнің инновацияны дамытуға тек 0,17%-ы ғана бөлінетін көрінеді.

Финляндия феномені
Әлемдегі инновацияға ең икемді мемлекет саналатын Финляндияны алайық. Соңғы 4-5 жылдың көлемінде бұл ел жалпы ішкі өнімнің 3,5%-ын ғылыми-зерттеу тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсап келеді. Осы шығынды жыл сайын бір ғана Nokia компаниясының кірісі жауып отыр. Ал жаһандық мобильді телефон нарығындағы Nokia-ның үлесі – 30%. Фин ғалымдарының зерттеулері әлем ғылымында ашылып жатқан жаңалықтардың 0,5%-ын ғана құрайды екен. Патент саны инновацияға өлшем болмайды деп отырғанымыз осы.

Forbes журналының мәліметіне қарағанда, Еуропа одағы жалпы ішкі өнімнің 1,1%-ын инновациялық жобаларға бөледі. Сөйте отырып, әлемдегі инновациялық өнімнің 35%-ын береді. Екінші орындағы АҚШ-тың үлесі – 25%. Жапония инновациялық өнімнің 11%-ын ұсынып отыр. Жаһандық инновацияға Сингапур – 7%, Оңтүстік Корея –  4% үлес қосып келеді. Ал ең алып экономика атану үшін АҚШ-пен тайталасып жүрген Қытайдың бұл істегі үлесі – 2% ғана. Сол Қытай жаһандық жалпы ішкі өнімнің 20%-ын беріп отыр. Технологиялық трансформация мен жұмыс күшінің арзандығы оңтүстік көршімізді осындай жетістікке жеткізді.

Бизнес неге бейтарап?
Инновация дегенде Қазақстанның бұл үрдіске тым кешігіп кіріскенін, о баста шикізатқа сеніп, ғылымның әлеуетіне көп көңіл бөлінбегенін жиі айтамыз. Алайда технологиялық дамуға деген ұмтылыс 1997 жылы қабылданған кәсіпкерлік туралы заңда алғаш көрініс берген екен. Аталмыш құжатта  ғылыми жаңалықтар мен жаңа технологиялар заманауи өндірістің басты құралы болуы керек деп көрсетілген. 2006 жылы бұл заңға түзету енгізіліп, жаңа технологияға бет бұрған кәсіпорындарды мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тетіктері заңмен бекітілді. Ал 2011 жылы "Ғылым туралы" заң қабылданып, инновациямен айналысатын ұйымдардың жобаларын бюджеттен қаржыландыруға кепілдік берілді. Аталмыш тетіктер айқын әрі тиімді болғанымен, көпке дейін макроэкономикалық әсері сезіле қоймады. Қазірдің өзінде шекеміз шылқып отырғаны шамалы. Өйткені Қазақстан индустриясы алғаш қалыптасқан кезеңде-ақ ұланғайыр даланың қойнауындағы байлықты сүлікше соруға негізделген болатын. Елдегі ең ірі өндіріс ошақтарының барлығы табиғи байлықты шикізатқа айналдыру үшін салынды. Экономиканы әртараптандыру ұранға айналғанымен, іске асыру оңайға түспей жатқанының бір себебі осында. Бір сөзбен айтқанда бізде индустриялық инфрақұрылым болғанымен, инновациялық инфрақұрылым ақсап жатты. Сол себепті 2012 жылы индустриялық-инновациялық үдерістерді қолдауға бағытталған заңнамалық құжат қабылданды. Бұл өндірісті цифрландыру, технологиялық трансформация, инновациялық басқару деген ұғымдар трендке айналған кез еді. Индустриялық-инновациялық дамудың бесжылдық бағдарламалары қолданыстағы кәсіпорындарды модернизациялап қана қоймай, жұмыс стилі жаңаша құрылған жүздеген кәсіпорынды өмірге әкелді. Оның кейбірі ашылмай жатып жабылса, кейбірі аяқтан тұрып, алға басты. "Адам факторы" инновациямен бетпе-бет келгенде осылай болатынын көрдік.

Заң қолдап тұрса, бюджет бүйрегін бұрып тұрса, инновация неге Қазақстан экономикасының өзегіне айналмай тұр?

Мұны сарапшылар ел ішінде жоғары технологиялық өнімге деген сұраныстың аздығымен түсіндіреді. Кеше ғана индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы технологиялық түрлену көшіне сәтті ілескен өндіріс алпауыттары шетелдік дайын технологияларды сатып ала салғанды қолайлы көріп отыр.

Инновация экономиканың өзегіне айналуы үшін оған шағын және орта бизнес мүдделі болуы керек деген түсінік бар. Қазір инновацияға бет бұрған кәсіпорындарды қолдау үшін мемлекеттік гранттың 9 түрі қарастырылған. Өз мамандарын шетелде оқыту, өзге елдің білікті мамандарын өндіріске тарту, инновациясы алға озған консалтинг-инженерлік ұйымдарды тарту, басқару және өндірістік технологияларды енгізу, өндірістік проблемаларды шешуге бағытталған инновациялық зерттеулер, инновацияға құрылған бизнесті бастапқы кезеңде қолдау, ғылыми жаңалықты шетелде патенттеу, озық технологияны меншік ретінде сатып алу, инновацияны коммерциялау мемлекеттік грант есебінен іске асырылуы тиіс. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қарқын алып тұрған кезде жылына 350 жаңа кәсіпорын ашылған кездер де болды. Соның қайсысы осы аталған 9 гранттың игілігін көріп, қайсысы шет қалды деген сұрақ туады. Мемлекет тарапынан қолдау қарастырылғанмен, оған қол жеткізу мүмкіндігі  әркелкі болуы аяққа тұсау болып отыр.

"Цифрлы Қазақстанның" сиқыры неде?
Қазақстанда ғылыми жаңалықтарды өмірге икемдейтін 8 ірі технологиялық парк бар. Ал ғылыми-зерттеу тәжірибелік-конструкторлық жұмыспен шұғылданып отырған 384 ұйым бар. Оларда шамамен 17,2 мың зерттеуші жұмыс істейді.

Өндірісті ғылыммен ұштастыру, шеттен дайын технология сатып алудың орнына жергілікті ғалымдармен бірлесіп жасау деген түсінік отандық кәсіпорындардың қаперіне енді кіре бастады. Мысалы, "ҚазАтомӨнеркәсіп" ұлттық компаниясы Өскеменнің Д.Серікбаев атындағы техникалық университетімен бірлесіп қазақ атомының алғашқы PhD-докторларын тәрбиелеп жатыр. Осы университет ғалымдары жергілікті зауыттармен бірге титан мен танталды адам сүйегімен алмастыру, ал ниобиден жасалған жоғары өткізгіш сымдарды компьютерлік томографияға қолдану жобасын қолға алды. Аталмыш жобаның мүмкіндіктерін әлемде сала жетекшісі саналатын жапониялық Furukawa компаниясының өкілдері жоғары бағалап отыр. Бұл жобаның инновациялық әсерінен экономиканы әртараптандыру мүмкіндігі жоғары. Шикі құйма ретінде арзанға кетіп жатқан Кенді Алтайдың асыл металдары лайықты бағаға дайын өнім ретінде сатылады деген сөз.

Қазақстанда инновация саласында жұмыс істейтін 30 мыңнан астам ұйым бар екен. Бірақ олардың қызметіне жүгініп жатқан отандық инвесторлар аз. Елдегі кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі 10% ғана. Ал дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 50-70%. Дегенмен 2018 жылы инновацияға бөлінген инвестицияның 86%-ы отандық бизнеске тиесілі болды. Ал шетелдік инвестицияның үлесі –11%. Қалған 3%-ды мемлекет қамтамасыз еткен.

Инновацияға салынған 850 млрд теңгеден астам инвестиция 1,18 трлн теңгенің өнімі болып қайтқан. Оның 930,1 млрд теңгесін қайта өңдеу кәсіпорындары, 104,7 млрд теңгесін тау-кен кәсіпорындары берген.

Қазақстандық инновация дегенде тілдің ұшына Астана қаржы орталығының жанынан құрылған Fintech hub, Astana hub, Tech Garden, Qaz Tech Ventures сияқты орталықтардың аты келеді. Мысалы Astana hub "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының аясында 244 инновациялық жобаға мұрындық болған. Түрлі мемлекеттік органдар халықпен кері байланыс орнату үшін мобильді қосымшаларды осы орталыққа жасатады. Astana hub елдегі электрондық саудаға да атсалысып отыр. Ал Tech Garden ұйымы арқылы 232 инновациялық жобаның тұсауы кесілген.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының 2018 жылы түзген рейтингінде Қазақстан инновациялық даму көрсеткіштері бойынша 126 елдің арасында 74-орынға табан тіреген. Қазақстан ұсынатын инновациялық өнімнің көбі білім түрінде келеді. Жоғары технологиялық тауар экспорттаушылар арасында 34-орында тұрмыз. Бұл бесжылдықтар бедерінде қолға алынған индустриялық-инновациялық бағдарламаның жемісі болса керек. Зияткер мамандар экспорты бойынша да Қазақстан 35-орында тұр. Отандық ғалымдар айналымға шығаратын техникалық ғылыми мақалалар көрсеткіші бойынша 113-орынға түскенбіз. Бағдарламалық қамсыздандыруға бөлінетін қаржы көлемі бойынша 118-орын бұйырған. Зияткерлік меншіктен түсетін кіріс бойынша 96-орынға жайғассақ, инновациялық қызмет экспорты бойынша 111- орындамыз.

18 млн адами ресурспен, шикізат экспортына тәуелді экономикамен инновацияны экономиканың басты драйверіне айналдыру оңай шаруа емес, әрине. Бірақ табысының 90 пайызын мұнайдан көріп отырса да, әлемдегі ең үлкен күн электр кешенін салып жатқан Біріккен Араб Әмірліктерінің талпынысы бізге де үлгі болуы керек.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу