Интернет алаяқтарынан сақтану жолдары қандай?

956

Ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару немесе несие рәсімдеу туралы өздерін құқық қорғау органдарының немесе банк қызметкері ретінде таныстырған адамдардың телефон арқылы берген нұсқауларына назар аудармау керек. Сонымен қатар, есіңізде болсын құқық қорғау органдары арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді.  

Интернет алаяқтарынан сақтану жолдары қандай? Фото: ortcom.kz

Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай "Интернет алаяқтыққа қарсы күрес шаралары туралы" Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алаяқтардан сақтануға қатысты кеңестер берді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, азаматтар бірқатар қағидаларды есте ұстауы керек.

Атап айтқанда:

  • Өздерін банк немесе полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға телефон арқылы дербес деректерді, пластикалық карта нөмірлерін, немесе SMS хаттар арқылы келген кодтарды, құпия сөздерді хабарламаған жөн;
  • белгісіз және тексерілмеген сайттарға, басқа да желі көздері арқылы жеке деректерді енгңізбеу қажет;
  • тексерусіз алдын-ала төлем жүргізбеу керек;
  • тауарды алғаннан кейін ғана төлем жүргізу туралы келісуге тырысыңыз;
  • күмәнді шарттар бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыздар;
  • айқын табыс көзі жоқ қаржы схемаларынан сақтану қажет.

Жандос Сүйінбай, сонымен қатар бағдарламалық қосымшаларды немесе мобильді қосымшаларды орнатудан да сақ болу керек екенін ескертті. Ол үшін тек App Store және Play market  секілді ресми жүйелерді пайдалану қажет. Спикердің сөзінше белгісіз адамдардың нұсқауымен, қашықтықтан телефонға немесе мобильді телефонға қосылуға мүмкіндік беретін бағдарламалық жасақтамалар, мобильді қосымшаларды орнатпаған жөн. Мүмкін болса азаматтар мұндай жасақтамалар туралы өз бетінше оқып-біліп жүргені дұрыс.

"Мұндай бағдарламалар заңсыз емес, заңды. Оны ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қызметкерлер, басқа да қажетті жағдайларда қолданылады. Алайда, алаяқтар азаматтарды бағдарламаларды телефондарына орнатуға көндіріп, өздері қашықтан отырып, қылмыстық әрекеттерін жүзеге асырады. Бірақ, азаматтардың есінде болсын, банк қызметкері немесе полиция қызметкері мұндай бағдарламаларды орнат деп нұсқау бермейді", - дейді Жандос Сүйінбай.

Сонымен қатар, маманның айтуынша, белгісіз адамдардан келіп түсетін сілтемелерге өтпеген жөн. Әсіресе онлайн платформаларда сауда-саттық фишингтік сілтемелер арқылы жүзеге асады. Сондықтан, азаматтар тексерілмеген мұндай сілтемелердің көпшілігі қауіпті екенін ұмытпағаны жөн. Алаяқтар мұндай фишингтік сілтемелер арқылы көп ақпарат жинайды.

"Банк қызметтерін алу үшін пайдаланылатын құпия сөздерді жиі өзгертіп отырған жөн. 3D қорғауды және банк ұсынатын өзге де қорғау шараларын қолдану қажет. Кез-келген банк картасының артында 4 саннан тұратын Call-орталықтың нөмірі бар. Егер сізге күдікті адам банк қызметкері атынан телефон шалса, сол нөмірге хабарласып, анықтауға болады. Өз шоттарыңыздағы ақша қаражаттарды да бақылап отырыңыз", - дейді Жандос Сүйінбай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу