Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы мақұлданды.
ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің сөзінше, заң жобасының негізгі мақсаты – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерін Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне енгізу.
"2018 жылғы 12 тамызда бесінші Каспий саммиті барысында қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны Қазақстан 2019 жылғы 8 ақпанда ратификациялады. Конвенция құқықтық реттеуді қажет ететін әрбір мәселе бойынша табанды әрі қағидатты пікір-таластармен қоса, 20 жылдан астам уақыт алған ұзақ және күрделі келіссөздер үдерісінің нәтижесі болды. Каспий жағалауы мемлекеттері акваторияны әртүрлі режимге, аумақтарға, ішкі суларға, ені 15 теңіз мильі болатын аумақтық суларға, 10 мильдік балық аулау және ортақ теңіз кеңістігіне бөлу туралы консенсусқа қол жеткізді", – деді министр.
Қазіргі кезде Қазақстан, Түрікменстан, Әзербайжан және Ресей конвенцияны ратификациялаған. Алайда Иран тарапы құжатты әлі қабылдамаған.
"Иран тарапы оны әлі қарастырмаған. Оны олар қазіргі жүргізіліп жатқан Қаспий теңізінің бастапқы тік сызықтары белгіленгенше қоя тұруда. Сол келісімге қол жеткізілгеннен бастап олар ратификацияламақ", – деді Мұхтар Тілеуберді.
Аталған заң жобасы Қазақстан заңнамасын конвенцияның ережелеріне сәйкестендеру мақсатында әзірленген. Құжатта "континенталдық қайран" және "қазақстандық сектор" ұғымдары тең дәрежеде пайдаланылмақ. Сонымен қатар балық аулау, оны аулайтын қару түрі мен көлеміне байланысты түрлі нормалар енгізілмек. Бұл талаптарды қадағалау Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жүктеледі.
Құралай Құдайберген