Ирандағы қандастар қазақ мектебін салып беруді сұрайды

813

Елордадағы форумға 200 қандас келді.

Ирандағы қандастар қазақ мектебін салып беруді сұрайды Фото: Голос народа

Бүгін Астанада Отандастар форумы өтті. Оған шетелдегі ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа және саясат сынды салалардың  көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында Америка, Германия, Франция және көрші елдерден келген отандастарымыз да бар. 

Әлемнің әр қиырында тұрып жатқан қазақтардың басы бүгін Елордада қосылды. 

Отаннан жырақтап кетсе де, түбіміз – қазақ, атамекеніміз  – Қазақстан деп 40 елден 200-ге жуық отандасымыз келді. Олар шетелде ғылым, білім, мәдениет, бизнес, саясат сынды салалардың белді өкілдері. Қиырдағы ағайын Қазақстанның да дамуына үлес қосуға ниетті. 

"Отанымыздың өркендеуі үшін бірге жұмыс істейік. Сол себепті бірнеше ұсыныстарым бар. Қазақ бизнесін ілгерлету. Шетелдегі өз қызметін кеңейтуді жоспарлайтын қазақстандық кәсіпкерлер мен стартаптар үшін платформалар мен инкубаторлар құру керек дейді", – дейді Google компаниясының қызметкері (Америка) Арай Сабыржан.

Түркия қазағы Серкан Динчтүрк Қазақстанға түркиядан келетін инвесторларды тартып отырғандарын жеткізді. 

"Әсіресе энергия саласында инвестор тартып жатырмыз. Алматыда төрт жыл болды. Сол жұмыстың артынан жүрміз. Өзіңіз білесіз, бүкіл қазақстанның ең кішкентай ауылына дейін газдандыру деген программасы бар", – дейді  Серкан Динчтүрк.

Шеттегі отандастарымыз бірқатар проблеманың шешілмей келе жатқанын да айтты. 

"Бізге шетелдің қазақтарына,  Иранның қазағына виза бермей жатыр. Бізге Қазақ екеніңізді дәлелдеңіз дейді. Бірақ Иранның ішінде ұлт дейтін зат жоқ. Біз білмейміз. Қалай дәлелдеу керектігін. Тек қана тіліміз діліміз, салт дәстүрімізді білеміз ғой енді", – дейді Иран сауда палатасының мүшесі Таэф Бегей. 

Таэф Бегей ол жақта өкінішке орай қазақ мектебі жоқ екенін жеткізді. 

"Біз өзіміз үйде сөйлеп, солай тілімізді сақтағанбыз. Тілі өлген халық тірі өлі халық, дейді ғой. Бізге сол көмек крек. Мектеп жоқ ол жақта. Газет жоқ. Кітап жоқ. Біз өзіміз үйрендік. Қазір енді 100 жыл болды. Тілімізді сақтадық, бірақ болашақты айта алмаймын", – дейді ирандық ағайын. 

Ал медиа саласының белді өкілі Арман Давлетяров балаларының ана тілінде сөйлеу үшін қалай тәрбиелеп жатқанын айтты. 

"Екі ай бұрын балаларымды Бұрабайға апардым. Олар бірінші рет барды. Олар киіз үй тігіп, жылқыға мінді және қазақша үйренді. Келген соң "қазақша не үйрендіңдер?" деп сұрадым. Олар көп нәрсе үйреніпті", – дейді  Арман Давлетяров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу